Қазақстандық блогер Өзбекстаннан өтіп, Түркіменстанда ұсталды

926
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық "Евро Одақ" лақап атымен танымал тревел-блогер Ерхат Құсаинов Түркіменстанда ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.

Блогердің инстаграм парақшасындағы мәліметке сәйкес, ол саяхатта жүрген. "Евро Одақ" Алматыдан Абу-Дабиге автостоппен жетуді жоспарлаған. Соңғы жазбасы 17 қарашада жарияланған, онда Ерхат Самарқандта түскен суретін бөліскен. Сол уақыттан бері ол байланысқа шықпаған.

Жазбаның астында достары мен жазылушылары алаңдап, блогерге "қайдасың?" деген сұрақтарды жаудырған.

Ерхаттың бір досы бүгін блогердің табылғанын, бірақ "байланысқа шығу мүмкіндігі жоқ екенін" айтты.

"Біз білетін жалғыз нәрсе – оның аман және Түркіменстанда екендігі. Мемлекеттік органдармен мәселелер туындаған болуы мүмкін, бәлкім визасы немесе құжаттары себеп болған шығар, әзірге түсініксіз", – деп жазды блогер Диас Бейбітұлы инстаграм әлеуметтік желісінде.

ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров блогердің ұсталуына қатысты мәліметтермен бөлісті.

"Ол түркімен шекарашылары тарапынан Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін ұсталды. Біздің елшілік бұл мәселе туралы хабардар, консул ұсталған азаматпен кездесу сұрады", – деді ол.

Пікірлер