Сенат орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру шартын ратификациялау туралы заңды бірден қабылдады

933
Adyrna.kz Telegram
Фото: preschools.ru
Фото: preschools.ru

Сенат орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру шартын ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Аталған келісімге 2023 жылы Бішкектегі ТМД елдері басшыларының саммитінде қол қойылған. Ұйымның негізгі мақсаты – орыс тілін халықаралық деңгейде ілгерілету және мемлекетаралық байланыс пен коммуникация құралы ретінде дамыту. Бұл ұйым үкіметаралық сипатқа ие болып, халықаралық құқық субъектісі ретінде әрекет етеді.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Андрей Лукин бұл ұйымның маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінен кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардан сұрақтар бар-жоғын сұрағанда, ешқандай сұрақ қойылмады.

Сенатор Әлішер Сатыбалдиев:

"Орыс тілі БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі әрі Еуропа мен ТМД елдерінде кеңінен қолданылады. Бұл тіл аймақтық және халықаралық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады", - деді.

Министр Саясат Нұрбек болса:

"Ұйымның мақсаты – орыс тілінің қолданылу аясын жаһандық деңгейде кеңейту", - деп пікір білдірді.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи заңға байланысты маңызды қадам деп бағалады.

"Қазақстанда орыс тілінің болашағына алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы маңызды қадамы деп саналады", - деді.

Ал ұйымды құру идеясы 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық ұйым құру идеясын ұсынған еді. Ресей Президенті Владимир Путин бұл бастаманы толық қолдайтынын жеткізді. Тоқаев 2023 жылы Бішкектегі саммитте осы келісімге қол қоюды «тарихи шешім» деп атады.

Қазақстан бұл ұйымды қаржыландыруға 131 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ұйымның шешімдері консенсус негізінде қабылданатын болады.

Сенаторлардың қолдауымен заң жобасы қабылданды, бұл қадам Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымының бір көрінісі ретінде бағаланып отыр.

Пікірлер