Қарашада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров елдің Қазақстанмен ортақ тарихшылар тобын құратынын айтқан еді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық арнаға берген сұхбатында бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол бірлескен тарихшылар тобын құру туралы келісім бұрыннан бар екенін жеткізді.
«Бұл ешқандай да жаңалық емес. Бұрын да ондай жұмыстар атқарылды, алайда пандемия кезінде уақытша тоқтатылған болатын. Бұндай келісім Ресеймен ғана емес, басқа елдермен де бар. Былайша айтқанда, баяғыдан қолданылып келе жатқан практика ғой. Бізде тарихшылардың түрлі ассоциациясы бар. Негізгі мақсат — бір-бірімен пікір және құжат алмасуына жағдай жасау. Еуропа елдерінің тарихшыларымен де жекелеген жұмыс топтары бар. Бұл еліміздің тарихын өзге елдің ғалымдары жазады деген сөз емес. Кейбіреулер әдейі араңдату мақсатында осындай пікір қалдырады. Біз өз тарихымызбен өзіміз айналысып жатырмыз, оны ашық айту керек. Президент тапсырмасы бойынша Қазақстан тарихының 7 томдығы дайындала бастады. Оған 250 отандық тарихшы жұмылдырылды. Биыл ол жұмыстың негізгі бөлігі аяқталды»,—деді Қарин.
Еске салайық, Астанадағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында Сергей Лавров Ресейдің бірлескен тарихшылар тобын құруды көздеп отырғанын жеткізген болатын.
«Ресей мен Қазақстанда біздің ортақ тарихи өткенімен және қазіргі тарихымен байланысты тақырыптар периодты түрде туындап отырады. Осы ретте, бірлескен тарихшылар тобын құру туралы оң келісімге қол жеткізілгенін атап өткім келеді», - деді ол.
Министр мұндай қадамның екі елге де пайдалы екенін және қоғамның кей бөлігінде пайда болатын пікірталастарды бәсеңдетуге көмектесетінін мәлімдеді.