Капитанды кетірген кім?

3414
Adyrna.kz Telegram

«Қайсар» капитаны Мақсат Байжанов Младенов пен Досмамбетов тұрғанда «Қайсарға» оралмаймын дейді.

Осы жақында ғана ақпарат ағынында «Қайсар» футбол командасының капитаны клубпен келісім-шартты үзгені жайында хабарлама шықты. «Қайсар» өз алаңында «Ақтөбеге» 0:3 жеңіліп, жергілікті жанкүйер алдында жерге қарады. Оның алдында ғана «дала қасқырлары» Ғани Мұратбев атындағы стадионда «Жетісуға» жеңіліп, жанкүйер қауым наразылық айтты. Осы нәтижелерден кейін бас бапкер Стойчо Младенов пен клуб басшысы Серік Досмамбетовтың кінәліні тауып, капитанды клубтан шығаруды жөн санапты.

Әрине, үш ойын қатарынан жеңіліс тапқан «Қайсар» командасының нәтижесіне бірінші кезекте бас бапкер Младенов жауап беруі тиіс. Алайда, болгариялық бапкер басшылықтың алдын орап, қызметін сақтау үшін командадан өзіне ұнамаған ойыншыларды кезегімен кетіріп отырды. Алдымен Марат Хайруллин, кейіннен Братислав Пуношевац, сосын міне, капитан Мақсат Байжановқа да келіп жетті.

Мән-жайды білу үшін біз Мақсаттың өзіне хабарласып, бір ауыз пікірін білдік.

- Соңғы кездері командамыз жеңіліп, жанкүйер алдында ұятқа қалып жүрді. Бірақ, нәтижеге бірінші кезекте жауап беретін адам – бас бапкер. Алайда, Стойчо Младенов менің үстімнен рапорт жазып, «спорттық талаптарын түсіріп жіберді» деп, басшылыққа жеткізген. Басшылықтан Серік Досмамбетов оған қол қойып, бар кінәні маған жауып отыр. Сосын, «Байқоңыр» командасына ауыстырып, мені поезбен Семейге бірінші-лига ойынына баруымды талап етті. Мен әрине, мұндай жағдайларға мүлде қарсы болдым да, клубтан «өз еркіммен» кетуді жөн санадым.

- Сонда команданың нашар нәтижелеріне капитан кінәлі ме?

- Бұл командада менен басқа тағы 3 капитан бар. Мен қанша клубта футбол ойнадым, бірақ бір командада 4 капитан болуын бірінші көруім. Ұжым ішіндегі атмосфераның дұрыс болмауы да осыдан.

- Мақсат, Сіз «Қайсар» футбол клубының түлегісіз, қаншама жылдар осы команда үшін тер төктіңіз. Жанкүйер қауым Байжанов «Қайсарға» келіп спорттық ғұмырын аяқтап, қоштасу матчын Қызыордада өткізеді деп жүр еді? Енді қандай жоспарыңыз бар?

- Иә, рас айтасыз. Мен Қазақстанның көптеген клубтарында ойнадым. Бірақ, өткен жылы өзімнің туған жерімнің командасы деп «Қайсарға» келдім. Бұл менің өз үйім. Дегенмен мында маған жасалынып отырған қастандықтардан кейін көңілім қалып отыр. Енді осы маусым аяқталған соң өзге командаға ауысамын.

- Көптеген футболшылар өзі ойнап бастаған клубтарына келіп қоштасу матчын жасап жатады ғой. Сіз бәлкім «Қайсарға» қайтып келетін де шығарсыз?

- Әлбетте, қайтып келуім мүмкін. Бірақ, бапкер Стойчо Младенов болып, клубта Серік Досмамбетов қызмет етіп жатса мен «Қайсар» командасына мүлде келмеймін. Мен ондай адамдармен бір клубта болғым келмейді.

Қызылорда футбол мектебінің түлегі Мақсат Байжанов футболдан Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ұлттық құрама сапында талай голдар салып, ел абыройын асқақтатты. Ол орталық алаңда ойқастап «Шахтер» командасымен бірге Еурокубок ойындарында жарқылдады. Мақсат Байжановтың Албанияда «Скендербеу» қақпасына соққан голынан кейін қарағандының «Шахтері» қазақ футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен еді. «Қайсар» сапында 210 ойын өткізіп, 26 гол салса, жалпы біріншілікте 424 ойын өткізіп, 44 голдың авторы атанды. Осыншама еңбегі сіңген Мақсат Байжановтың «Қайсар» командасынан осылайша қиын жағдайда кетуі қалың жанкүйердің көңіліне батқаны рас. Әлеуметтік желіде өз пікірін білдіріп, «Мақсат Байжановты құрметтеп, шапан жауып шығарып сала да алмадық-ау» деп жазып жатқандар саны жетерлік. Әлбетте, Андрей Финонченко «Шахтер» үшін, Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» үшін қандай футболшы болса Мақсат Байжанов та «Қайсар» үшін сондай аяқдопшы екені даусыз. Сондықтан да, бұл жағдайдың барлығы бірінші кезекте жергілікті футбол клубының басшылығына сын екені анық.  Ермұхамед Мәулен

Ермұхамед Мәулен

inbusiness.kz

Пікірлер