Абхазияда парламентті басып кіргендер басшының отставкасын талап етті

949
Adyrna.kz Telegram
Фото: interfax
Фото: interfax

Абхазияның астанасы Сухумиде жаңа инвестициялық келісімге қарсы наразылықтар жалғасуда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

16 қарашада шерушілер парламент ғимаратын басып алып, сыртқа шығудан бас тартты. Бұған дейін президент Аслан Бжания наразылық білдірушілер үкіметтік кешеннен шыққан жағдайда отставкаға кететінін мәлімдеген еді.

«Олар ғимараттан шыққаннан кейін, мен отставка туралы өтініш жазамын. Жаңа сайлауда кім қаншалықты қолдауға ие болатынын көреміз», – деді Бжания. Қазіргі уақытта ол өзінің туған ауылы Тамышта екені белгілі.

Оппозицияның Координациялық кеңесі сенбі күні халықты жергілікті уақыт бойынша 14:00-де парламент алдына жиналып, президенттің қызметтен кетуін талап етуге шақырды.

15 қарашада Абхазия парламенті Ресеймен жаңа инвестициялық келісімді талқылауға тиіс болған еді. Алайда бұл құжат жергілікті халық арасында алаңдаушылық туғызды. Олар келісімнің Ресей бизнесінің кеңеюіне жол ашып, абхазиялықтардың туризм саласынан табыс табуына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты.

Наразылықтар 12 қарашада бес оппозиция өкілінің ұсталуынан басталды және бір апта бойы жалғасты. Сенбі күні наразылық білдірушілер мәлімдеме жасап, үкімет ғимараттарын басып алу әрекеттерінің Ресеймен тығыз қарым-қатынасқа қарсы бағытталмағанын айтты. Дегенмен, олар президентті осы байланыстарды жеке мүддесіне пайдаланып, режимін күшейту үшін манипуляция жасады деп айыптауда.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Абхазиядағы оқиғаларды «дағдарыс жағдайы» деп атап, алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар, Ресей азаматтарын бұл аймаққа сапар шекпеуге шақырды.

Айта кетсек, Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін 2008 жылы Грузиямен болған бес күндік соғыстан кейін мойындаған болатын. Алайда халықаралық қауымдастық бұл аймақтарды Грузияның бір бөлігі деп есептейді.

Пікірлер