«Ақылына ақы сұрамас құндылық»

3460
Adyrna.kz Telegram

«Егер мен бай болсам, тек қана кітап сатып алар едім»,-деген екен орыс халқының жазушысы М.Горький. Дей тұрғанмен, бұл нақыл сөзге қосылғаннан бөлек, іспен дәлелдейтін жандар қоғамымызда саусақпен санарлық шығар. Қазіргі кезде кітап оқу, әсіресе, жастар арасында тым жиілеп барады. Әлеуметтік желінің әлегіне түсіп, асыл қазынамыздың құндылығын ұмытып бара жатқандаймыз. Не себепті? Ойлап қарасақ, кітап– ақылы үшін ақы сұрамайтын баға жетпес құндылық. Кітапханаға барсаңыз, кез-келген кітапты керегінше оқып алуға болады. Ал, ғаламтордан оқу үшін міндетті түрде төлем төлеу қажет болады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ»,-деген осы болар, сірә. Әр ұлттың келешегі мен болашағын баян етіп, тарихы мен өткенін жыр етер асыл мұраларымызды дәріптеп, жас ұрпаққа қадір-қасиетін жеткізе білу–біздің басты парызымыздың бірі. 

Кітапты бүкіл өміріне айналдырудың өзі үлкен жетістікпен бірдей. Ол үшін балалардың санасын ғаламтормен уламай, бала кезінен бастап кітапқа деген қызығушылығын оятып, көптеген ертегілер, өлеңдермен сусындату қажет. Тек оқытып қана қоймай, мәнін ұғындырып, тереңіне үңілер болса, келешек ұрпақтың болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл мәселеде мұғалімнің де атқарар қызметі өте зор. Балаларға тәуліктің бір уақытын кітап оқуға арнау дағдысын әдетке айналдырып, кішкене кезінен қалыптастырған жөн. Рухани байлыққа жетелеу отбасынан басталып, барлық білім беретін мекемелерде міндетті болатын болса, ұрпақ санасында кітаптың маңызы жоғарылайтыны  даусыз. Дегенмен, бала түгіл, ата-ананың ермегі болған бұл желінің әлегі әлі де шешімі табылмаған мәселе болып тұрғаны жалған емес. Кітап–адамгершіліктің қайнар көзі, адам баласының рухани құндылығы. Оны оқыған сәтте бас көтере алмайтындай қызығына кірісіп кетер болсақ, оның өз оқырманын тапқаны. Кітап оқу–жақсы мен жаманның айырмашылығын жете ажырата білу үшін, өзіңізді дамытып, тану үшін таптырмас мүмкіндік. Кітапты оқығаннан соң, одан қандай әсер алғаныңыз жайында бір сәт ойланып, керек десеңіз, дәптеріңізге түртіп алыңыз. Дегенмен, өзіңіз қанша оқығанмен, ұғына алмаған кітапты қайта қопара берудің қажеті жоқ. Жаныңызға жақынын таңдаңыз. Сонда ғана сіздің кітапқа деген құлшынысыңыз бен махаббатыңыз ашыла түспек. Уақыт өте келе айналаңызда кітап оқып, оны талдауға бейім достарыңыздың бар екенін де ұғына түсесіз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, қаншама бос уақытыңыз ғаламторда санаңызға пайдасы келмес дүниелерге құмартумен өтіп жатыр. Ал соның орнына кітап оқып, талдап, кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіле түссеңіз, жаныңыздың жадырағанын сезінесіз. Сондықтан, уақытты босқа өткізбей, бағалы байлығымыздың қадірін ұғынып, қолдана білейік, жас достар!

Жансая СМАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Пікірлер