Депутат бюджет тапшылығы мен кемшіліктерді атады

1164
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанның бюджетінің кемшіліктері туралы айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Dalanews.kz-ке сілтеп.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бюджет қаражатын жұмсауда Үкімет пен Қаржы министрлігіне берілген кең құзыреттердің есебі төмен, нақты ережелер мен талаптар толық анықталмаған. Ал бұл өз кезегінде қаржының тиімсіз әрі жоспарсыз жұмсалуына итермелеп жатыр.

“Нәтижесінде бастапқыда бекітілген бюджет пен оның мақсаттары түбегейлі өзгерістерге ұшырайды, ал маңызды мәселелер көп жағдайда кабинет ішінде ғана шешіледі. Мұндай жағдай бюджеттің тиімділігіне және елдің қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізуде”, - деді ол.

Депутат қаражаттың қайта бөлінуіне де тоқталды.

 - Бұл үдерісті реттейтін нақты ережелер мен регламенттер жоқ. Жаңа Бюджет кодексі жобасында бағдарламаларды ірілендіру және министрліктерге одан да үлкен дербестік беру көзделуде. Алайда есеп пен нақты міндеттерсіз, білікті мамандарсыз және мемлекеттік жоспарлаудың тиімді жүйесінсіз мұндай дербестік қауіпті болуы мүмкін. Ішкі орындау және бақылау механизмдерін өзгертпей, сыртқы блоктық құрылымды енгізу мәселені шешпейді, керісінше, оны ушықтыруы ықтимал. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, болашақта Парламентте әрбір министрлікке жалпы сома ғана бекітіліп, ал министрліктер ішкі қаражатты өз қалауы бойынша бөле беретін жағдайға жетуіміз мүмкін. Бұл бюджетті бекітудің мәнін жоғалтуға әкеледі, - деп атап өтті ол.

Бүгінде Ұлттық қор қаражатына да қатысты нақты талаптардың болмауы күрделі мәселеге айналған.

 - Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер үкіметті шектейтіндей көрінгенімен, іс жүзінде үкімет сол трансферттің талабындағы әлсіздіктерді пайдаланып, түрлі қаржылық қажеттіліктер үшін қаражатты оңай тарта алады. Болашақ ұрпақтың мұрасы ретінде сақталуға тиіс Ұлттық қор бюджет тапшылығын жабу мен тиімсіздік мәселелерін шешудің басты көзіне айналып отыр, - деді ол.

Ал еліміздегі Бюджет кодексі жобасы бюджет жүйесінің түйткілді мәселелерін шеше алмай отыр көрінеді.

 - Өкінішке қарай, жаңа Бюджет кодексі жобасында бұрынғы кемшіліктер сақталып, бюджет жүйесінің жүйелі мәселелері шешілмеген. Қазіргі уақытта осы және басқа да бағыттар бойынша ұсынылған түзетулер қызу талқылануда. Алайда үкіметтің қорытындыларында көптеген орынды нормалар қолдау таппай отыр, - деп сөзін қорытындылады депутат.

Пікірлер