Серік ЕЛІКБАЙ. БАҚ-БҰҒАУ

816

Арлан енді аласұра қашқан жоқ, күшіктері ұзап кеткенді анық сезген-ді. Олар өз тағдырының соқпағына түсіп, басқа өлкеге бет алған. Олар Отанға оралмақ емес. Отау жат үшін, Отан Тақ үшін құрбан болып кеткен... Аналары бастаған қос бөрі, қайта-қайта бұрылып арлан-әке қалған қырға жалтақтай берген. Бірақ ана қасқыр қайырылған жоқ. Кімге, неге оралмақ, артта ажал қалып бара жатқан. Иә, өлім сепкен мылтықтар үні енді еміс-еміс естіледі. Сәлден соң ол дыбыстар да өшті. Арқаның арланы енді ұзақ түндерде көк тіле ұлымайды. Ешқашан. Арлан осы жерді мекендегелі - мәңгілік. Оның атасының атасы бұнда аң аулаған. Түркілер туып жатқанда да, ардақты бабалары қарап тұрған. Алаша хан сайын далада жалғыз қалып, шыңғыра жылап, өлім өзегін өртеп жатқанда ана-қасқыр ақ сүтін аузына тамызған. Бұл даланы содан соң кімдер жайламады. Сауыттылар сүлдерін, қарулылар қарақан басын ғана әкеткен еді осы арадан. Бұлар қалды. Жыл құстарындай жылылық іздеген емес. Шілдеде ши астына қарамады, ақпанда апан түбін паналаған жоқ, арыстан-мысық төзбес Арқада бұлар ғана қалды. Бірақ бәрі аяқ асынан өзгерді. Арқа төсіне көлікті, қарулы, нөкерлі топ келіп, қасқыр біткенді қыра бастады.
*
Астана ауданы әкімі министрліктегі досын бүгінгі аңшылыққа қоймай, көндіріп шығарған. - Пәлі, сен бұл жақтын қасқырларын көрген жоқсың. Таудай бөрілерді көрегенде шошып кетпе, - кеңкілдеп күлді әкім.

- Е, не көрініпті, «винчестер» аман болсын.

- Қайда, «винчестермен» ата алмайсың, «Калашников» керек, «Калашников»!

Түске дейін Ерейментауға жақындаған үш джип, көзге ештеңе түсіре алмады. Есесіне аңшылар екі мәрте тоқтаған кезде дастарханды мол жазып, қымбат азықтарын қарбыта жеген. Алабұға, қазы-қарта, уылдырық, колбаса, үйітілген тауық-қаз, өзгеше жарқыраған «Хенесси» есті ала бастаған. Текила, виски, ром секілді тұқымы бөлек бөтелкелер ауқат шетіндегі қымызға қол апартпады. Ақ казейн торсыққа құйылған қымыз оқшау, бөлек қалған секілді. «Ал кеттік» деген кезде қымыз толы құтылар керексіз қалып қойды. - Әне кетті! Жол басына төрт қасқыр, «мені көрдіңбенің» белгісіндей шұбатыла шыға келді. - Енді тоқтаймыз, - деді аудан әкімі. - Неге? Министрліктен келген бастық ортаға сауал тастады. - Кереметті көресіздер, соңғы джиптегі иттерді түсіреміз...
Сәлден соң соңғы көліктің артқы есігінен бет әлпеттері бөлек иттер түсе бастады. - Мынау - «алабай»! - Мынау- «неміс овчаркасы»! - Мынау -«бультерьер»! - Мынау -«орыстың тазысы»! - Мынау -«ағылшын тазысы»! - Пас! Иттер даланы тамашалап тұрып қалғандай болды. Тек сәлден соң бөрілерге қарай ұмтылды. Қыр асқан бөрілер жылыстап кетті. Жеткізер түрі көрінбейді. Шетел иттері алқынып қалыпты. «Содыр төбеттердің» жүндері жығылулы. - Өй, мыналарыңның әуселері бітіпті ғой, - деп министрліктен келген жарты бастық дарақылана күлді. Күлу керек секілді, қолдау керек секілді болды. Қалғандары тыныш дала үнсіздігін дал-дал жыртты. Бөрілер аязды күні өзгеше құлпыра жортып, жапон мен немістер жасаған джиптерге күле қарағандай. Темір мен тағы ұзақ сілтесті. Жазық жерде жанармайды шелектеп жұтар, адым аштырмас көліктерді қасқырлар әдейі шоқылы, шұбар тас, шоқыраққа сала береді. «Лексус-570» осындай бір орда қош айтысып, бөгесінде қалды. Сәлден соң үш бөрі жылдамдығын үдетіп, арлан тұсаулана кейіндей берді. Азуын айға білеген Арлан-қасқырдың қызыл көздерінің қайтары жоқ. Айтары да жоқ секілді. Ашу ғана бар. Осы кезде аңшы біткен люктен басын шығарып, оқ жаудырды. Арлан омақаса асып барып, қайта тұрды. Енді қашқан жоқ. Қан аққан алпауыт кеудесін қызыл жауып кетіпті. Джиптер қоршай тоқтады. Ұзақ шабысты әйнектен қызықтаған Арқаға өгей иттер жерге түсірілді. Бес ит батпай ұзақ тұрды. - Айда! Пас! – деп аудан әкімі басын шығара айғайлады, арлан әкім отырған көліктің дөңгелегін қарш-қарш қауып алды. - Өй, қайтеді, - деп салонға жасырынған әкімге жанындағы мас серіктестері саусақ шошайта күлді. Бірінші алабай тап беріп еді, сәлден соң қыңсылып шықты, бой тартты. Аңшы атаулы , елірген жұрт аспанға оқ септі. Сол кезде неміс овчаркасы бастаған ит біткен...қайта ұмтылды. Иттер бөріні ұзақ талады. Өлі денеге енді бәрібір болатын. Көк бөрісінің ақшулан терісінен түк қалмапты. Үркекқос, шошып қалған аңшылар иттерді әрең ажыратып алды.

Жарты бастық бөрінің азуына қарап тұрып, ұзақ арақ ішті... Есіне Кеңсайдағы Қонаев зираты түсті. Бұрын қасына бармақ түгілі көру қайда еді. Енді бір төмпешік, жанына жанаса жатсаң да ешкім қой демейді. Күзетші, сақшы, көмекші, хатшы қыз да жоқ. Қаласаң бірге түнеп шық. «Димаш, Дәкең, ноль бірінші, шеф, патрон» дегендердің, жібермей жата жабысатынның бәрі жым-жылас...
- Жақсы дем алдық, қайталық! «Жұмыс...жұмыс...жұмыс». Жарты бастықты тәңірісі бөрі емес, мысықтілеу, буддасы - барыс Астана тосып тұрған. Джип ішінде жылы үйлерге, қолайлы жайларға беттеп иттер кетті. «Қарғы баулары жарасып». Суық далаға, аязды Арқаға қарап, бір жақ көзі ойылып алынған, екінші көзі ашық Арлан қала берді. Енді ол-шын азат!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер