"Алматы облысындағы әділетсіздік". Президентке "соңғы үндеуінен" соң Алмасбекті алып кетті

183
Adyrna.kz Telegram

Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Алматы облысының прокуратурасымен бірлесе отырып, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайды ұстады. Ол 1,2 миллиард теңге көлемінде заңсыз субсидия алғаны үшін күдікке ілінді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚМА баспасөз қызметіне сілтеп.

ҚМА мәліметінше, Алмасбек Садырбай Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауылшаруашылық кооперативтерін құрған адамдар тобын басқарған.

"Негізгі мақсат – қой-ешкі мал басын ұрықтандыруға субсидиялар мен азық шығындарын өтеуге заңсыз субсидиялар алу. Осы үшін ауыл шаруашылығы жерлері жоқ болса да, шаруашылықтар заңсыз тартылған. Кейін субсидия алуға жалған мәліметтерді, соның ішінде жалған кадастрлық нөмірлерді көрсетіп, қашықтан өтініштер берілген. Бұл ретте ауылшаруашылық кооперативтерінің басшыларының ЭЦҚ-сын олардың келісімінсіз қолданған", – деп мәлімдеді ҚМА.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Оның сыбайласы сот санкциясымен үйқамаққа алынды.

Осыдан үш күн бұрын Алмасбек Садырбай Алматы облысында «беспредел» деп, өзіне қысым жасалып жатқанын айтып, президентке үндеу жасаған еді. Ютуб желісінде жарияланған видео осы уақыт ішінде 65 мыңнан астам қаралым жинаған. Желі қолданушылары Алмасбек Садырбайды қолдайтындарын айтып пікір қалдыруда.

Пікірлер