Ардагер журналист Самат Ибраим өмірден өтті

1118
Adyrna.kz Telegram

Ардагер журналист Самат Ибраим өмірден өтті. Бұл туралы журналист Бағдагүл Балаубаева Facebook парақшасында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Мен үшін орны бөлек азамат. Болмысы бөлек тұлға. Қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы өзгелерге үлгі басшы. Менің журналистикаға келуіме себепші редактор... Енді міне, жақсылық шарапатын тигізген Самат аға да, Нұрперзент аға да келместің кемесіне мініп, естелік жазып отырмын. Қош болыңыз, жақсы аға”, деп жазды Бағдагүл Балаубаева.

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистикасы Академиясының академигі Самат Ибраиммен қоштасу рәсімі 6  қараша күні Қазақстан Жазушылар одағында өтеді.

Самат Бектенұлы Ибраим 1955 жылы 18 маусым, Атырау облысы, Исатай ауданы, Айбас ауылында туған. Журналист, заңгер. ҚазМУ-дің журналистика факультетін (1982 ж), Д.А.Қонаев атындағы Гуманитарлық университетінің заң факультетін (1999) бітірген. Еңбек жолын 1972 жылы «Жайықмұнайгаз» басқармасында оператор болудан бастаған. 1974-1976 жылдары әскерде қызмет еткен. Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде тілші (1982-86), республикалық «Лениншіл жас» газетінің Каспий аймағындағы меншікті тілшісі (1986-90), Қазақстан Республикасы Парламентінің органы болған «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып істеді (1990-1996). Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім бастығы, «Заң және заман» – «Закон и время» журналының бас редакторы болды (1996-2003). «Заңнама» ЖШС-нің директоры, республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы (2003-2009) болды. 2009 жылдың наурыз айынан «Ана тілі» газетінің бас редакторы.

«Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясы бойынша «Ғұмырлық сағыныш» әңгімелер жинағы (2003), «Мұнайшы» қоғамдық қоры шығаратын «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен «Саламат Мұқашев» (2006), «Асқар Құлыбаев» (2007), «Жетпісбай Есенжанов» (2008) атты деректі ғұмырнамалық эссе кітаптары баспадан жарық көрді. Қазақстан прокуратурасы тарихы туралы «Дәуір дауысы» кітабының (1997) құрастырушысы әрі редакторы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша «Н.Назарбаев – этносаралық және дінаралық қазақстандық келісімнің негізін қалаушы» атты кітапты (2005 ж.), «Каспий қайраңы» танымдық басылымын (2000 ж.), «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бойынша «Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары» деп аталатын 10-шы томды (2006), «Әлемдік философиялық мұра. ХХ ғасырдағы мәдениет философиясы» 17-ші томды (2008) және т.б еңбектерді, тарих, заң, экономика саласындағы әдебиеттер мен оқу құралдарын мемлекеттік тілге аударды.

Пікірлер