Банкрот деп танылған қазақстандықтардың 40 млрд теңгесі кешірілді

927
Adyrna.kz Telegram
фото: turkystan.kz
фото: turkystan.kz

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов Қазақстанда қанша қазақстандық өзін банкрот деп жариялап және қандай сомаға банкрот болғанын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Банкроттық және азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін жеңілдету" тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов 2023 жылғы 3 наурыздан бастап, яғни түзетулер күшіне енген уақыттан бері соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану бойынша 131 мыңнан астам өтініш түскенін хабарлады.

"Мемлекеттік кірістер органдарында 6,6 мың өтініш қаралып жатыр. 8 мың азаматқа қатысты рәсімдер жүргізілуде, 2 мыңнан астам адамның банкорттық рәсімі тоқтатылды. 215 өтініш кері қайтарылды. 17,9 мың адам банкрот деп танылды, қарыз сомасы 40 млрд теңге", - деді спикер.

Оның сөзінше, өтініштер саны бойынша Алматы қаласы, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары көш бастап тұр.

Бұл ретте сот 45 адамды банкрот деп танып, 13,6 млрд теңге қарыз кещірілді.

"Жақында біз банкроттық туралы өтініштерді қарадық, ер адам – 53 пайыз, ал әйелдер 47 пайыз болды. Орта есеппен өтініш берушілердің басым бөлігі 40-42 жас аралығындағы тұрғындар. Қарыздың орташа мөлшері бірнеше мың теңгеден 2 миллиард теңгеге дейін, - деп түйіндеді сөзін Сейілжан Ахметов.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіндегі басқарма басшысы Меруерт Сисембаева "Ерлі-зайыптылардың бірін банкрот деп тану олардың несие алу мүмкіндігіне әсер ете ме?" деген сұраққа жауап берді.

"Жалпы, ипотека мақұлдана ма, жоқ па оны банк өкілдері шешеді. Заң бойынша "банкрот" деп танылса, онда 5 жыл бойына несие берілмейді, - деді ол.

Еске салайық, 2023 жылдың 3 наурызында Қазақстанда қарызы бар азаматтарға өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң күшіне енді. 2024 жылы банкроттық рәсімі бойынша бірқатар талаптарды алып тастау арқылы айтарлықтай жеңілдетілді.

Пікірлер