«Таза Қазақстан» жалпыұлттық республикалық экологиялық акциясы елімізде осы жылдың сәуір айында бастау алған болатын. Аталмыш акция басталғаннан бері Орал қаласы әкімдігімен арнайы жұмыс жоспары жасақталды.
Батыс Қазақстан облысында жалпықалалық сенбіліктер басталды. Тазалық шаралары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және шаһарда жарияланған санитарлық-экологиялық айлық аясында оздырылуда.
Сенбілік аясында қала аумағын күл-қоқыстан тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл шараға мекеме-ұйым қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, еріктілер, студенттер, жалпы қала тұрғындары қатысуда. Күзгі сенбілікке Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жастармен бірге атсалысып, «Ет комбинаты» ауданында, Ружейников, Гагарин көшелерінің бойында, 10-шы шағын ауданда тазалық жұмысын жүргізді. Сенбіліктер қалаға қарасты кенттерде де белсенді өтті. Нәтижесінде қала аумағынан 15 мың текше метр күл-қоқыс шығарылды. Бұл жұмысқа 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жалпы өзен жағалауынан 100 тоннадан аса қоқыс шығарылыпты. Әсіресе, көктемгі су тасқынымен жағаға жиналған қалдықтарды тазалауға қаладағы мекеме, кәсіпорын ұжымдары жұмылуда.
Акцияға сәйкес қалалық әкімдік мамандарының бастамасымен «Санитарлық бейсенбі» шарасы өткізілуде. Яғни, әр бейсенбі күні базар аумағында және заңсыз сауда жүргізілу орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң бұзғандарға әкімшілік жаза тағайындалады.
– Акцияға сәйкес өңірімізге бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында қаламыздың магистральды көшелерінде орналасқан 38 КПТҮ-ге ағымдағы жөндеу жұмыстарын, яғни қасбеттерін сырлау, шатырларын ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған үйлерге техникалық зерттеп қарау және жобалау жұмыстары жүргізіліп, әрі қарай жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім дайындалуда. Қаламыздың ағымдағы жол жөндеу жұмыстары бойынша 28 мың м2 жол жөнделіп, 31,3 мың м деформациялық тігіске битум құю жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 3,4 мың м2 салқын пластик құйылып, 281 жаяу жүргіншілер жолағына және қаламыздың 43 көшесіне жол белгілері боялған болатын. Одан бөлек, ағымдағы көше жол желілерін және қала аумағын күтіп-ұстау аясында барлық арық жүйелері тазаланып, үлкен және кіші арық жүйесінде салқындатуға негізделген су жіберу жүзеге асырылды, 67,8 мың тонна үлкен габаритті қалдықтар шығарылды, 2,3 млн м2 шөп шабу жұмыстары атқарылды, қалыпты жағдайда, жұмыс жоспарына сәйкес ағаштарды санитарлық кесу, тынымбақтарды тазалау, көше жол желілерін тазалау, дымқыл тазалық жұмыстары атқарылды, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Сондай-ақ 10 шағынауданда 5,6 шақырым және Тоқай көшесінде 0,6 шақырым арық жүйелері орнатылған. 24 стихиялық қоқыс орындары тазаланып басталды. 69 ҚТҚ арналған уақытша қоқыс жинау орындары, 1000 евроконтейнер орнату жүзеге асырылуда. Акция жұмысын оңтайландыру мақсатында қала аумағы 24 округке бөлініп, тұрақты түрде әр апта сайын рейдтік жұмыстар жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында медиа-жоспар жасақталып, жоспарға сәйкес «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» іс-шараларын өткізу жоспарланған. Қала бойынша таза аула, көше, мекеме араларында конкурстар өткізу көзделген.
Қала аумағында 10 орында «Таза Қазақстан» акциясы туралы баннерлер орнатылып, «Таза Қазақстан», «Таза аула» автобусын іске асыру жоспарлануда.