Қазақ тіліндегі балалар контентін дамытуға бюджеттен қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты.
Депутат қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы екенін атап өтті.
«Қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы. Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар “Синий трактор” мен “Маша и Медведь” сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс.Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз» - деп жазды депутат.
Сонымен қатар, қазақша балалар контентін жасауда белгілі бір қиындықтар бар екенін де алға тартты.
«Мәселен, “Балапан” телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтер сияқты әрекет етеді. Сондықтан, осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз» - деді Асхат Аймағанбетов.
Балалар арасында қазақша контентті тұтыну бойынша зерттеу жүргізу туралы
Ғылым министрлігіне ұсыныс жасалды. Алдағы уақытта әлемдік хит мультфильмдерді мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу үшін авторлық құқық иелерімен байланысу жоспарлануда.