Саран қаласының қысқа дайындығы сәтсіз аяқталып, әкімі қызметінен босатылды

893
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін қызметінен босатылды. Қала басшысы қызметін уақытша Мақсат Қайрешов атқаратын болды. Бұл туралы облыстық әкімдік мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды", - делінген әкімдіктің ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Әкімдік мәліметінше, қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысындағы Саран қаласында қала тұрғындары әлеуметтік желіде жылусыз отырғанын айтып, шағымданған еді. Кейін Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов осы мәселеге қатысты видеоүндеу жолдады.

Үкімет отырысында осы мәселе кезектен тыс көтеріліп, премьер-министр Олжас Бектенов қаладағы жағдай бойынша тексеріс жүріп жатқанын, тексеру нәтижесі бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетінін айтты.

Ал 16 қазанда Сарандағы үйлерді мамандар қайтадан ескі қазандықтарға қосып жатқаны мәлім болды. 28 қазанда қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылыту маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғаны, ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланғаны мәлім болды.

Пікірлер