Діннің мәні мен қоғамдағы орны: Үздік материалдар бәйгесі

192
Adyrna.kz Telegram

29 қазан күні сағат 11:00-де Алматы қаласындағы «Mercure» қонақ үйінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «JASTAR» дамыту орталығы жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл іс-шарада дін саласының маңызды мәселелері бойынша бірнеше номинациялар бойынша үздік материалдар әзірлеген азаматтар марапатталды. Байқау сәуір айында басталып, қазан айына дейін жалғасып, 6 ай ішінде 220-дан астам материал қабылданған болатын.

Ұсынылған жұмыстар зайырлылық, толеранттық, конфессияаралық келісім, қазақ халқының рухани құндылықтары, дәстүр мен дін, патриотизм, Отанға деген махаббат, сондай-ақ радикалды діни идеологияның, діни экстремизм мен терроризмнің зияндылығы секілді маңызды тақырыптарды қамтыды. Рәсім барысында 10 номинация бойынша үздіктер марапатталды, олардың ішінде: DIGITAL ART шеңберіндегі үздік фото жоба, үздік өлең, үздік үндеу және ұран, үздік пікір, тақырыптық пост, үздік мақала, орыс тіліндегі үздік мақала, үздік бейнеролик, TikTok-тағы үздік бейнеролик, үздік әлеуметтік бейнеролик.

Жиынды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Айдарбекұлы Әлімбек және Жастар дамыту орталығы жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұратбаев Қаныбек құттықтау сөздерімен ашты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», демекші, бұл байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – діни экстремизмге қарсы тиімді ақпараттық материалдар әзірлеп, оларды қоғамға қолжетімді ету, сонымен қатар қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, дәстүр мен дінге, Отанға деген махаббатты арттыру», – деп атап өтті Әлімбек Айдарбекұлы.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Қатысушыларға ынталандыру ретінде 100 000 теңге сомасындағы қосымша қаржы бөлінген. Негізгі жүлделер 250 000, 300 000 және 350 000 теңгеден берілді, ал ынталандыру сыйлықтары 50 000 теңгені құрады.

«Қатысушылар арасында ҚазҰУ, Нұр-Мүбәрәк, секілді ірі оқу орындарынан келген студенттер де болды. Бірінші және екінші курс студенттері үшін бұл жүлде олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, діни тақырыптарда жұмыс істеуге деген ынтасын оятты. «Жүлде қоры студенттер үшін үлкен мотивация болды, әсіресе, жаңадан оқуға түскен жастар үшін. Көпшілігі жеңісін естігенде өте қатты қуанды. Біз де осындай шараны қайта ұйымдастыруға ниеттіміз», – дейді «JASTAR» дамыту орталығының төрағасы Мұратбаев Қаныбек.

Бұл байқау жастар арасында діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, оларды рухани құндылықтарға жақындатып, патриоттық сезімдерін нығайтуға ықпал етті. Жүлде қоры мен марапаттар студенттер үшін зор мотивацияға айналып, оларды қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша белсенді пікір қалыптастыруға, зайырлылық пен конфессияаралық келісімді қолдауға шабыттандырды.

Осындай байқаулар дін саласындағы тұрақтылықты нығайтып, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдениетін дәріптеуге ықпал ететін маңызды қадам. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып, жастар арасында деструктивті идеологияларға қарсы тұратын жаңа жобаларды қолдауға бағытталмақ.

Пікірлер