ЖАМБЫЛДА ЖАҢАДАН 5 МЕКТЕП АШЫЛДЫ

5076
Adyrna.kz Telegram

Білім күні қарсаңында Жамбыл облысында 5 мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бес мектептің бірі Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта білім беру мекемесі. Білім күніне орай ашылған оқу орнының Алғашқы қоңырау салтанатты шарасына аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың өзі қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларына жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Бірлесу-Еңбек орта мектебі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтеріп отыр. Жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар. Биыл мектепте барлығы 250 оқушы 2 ауысымда оқымақ. Онда 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы жас мамандар.

Айта кетейік, жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді десек, бүгінгі Алғашқы қоңырау күні облыс бойынша 5 мектептің пайдалануға беріліп отырғандығы соның айғағы. Оның 1-уі үш ауысымды, 1-уі апатты және 3-уі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешіп отыр. Қазіргі таңда өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселе түйіні толығымен тарқатылған.

Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы да 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде.

Биыл Жамбыл облысында бірінші сыныпқа 28 мың оқушы қабылданды. Ал респубика бойынша 400 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады. Жалпы жыл өткен сайын бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны артып келеді. 2016 жылы 1-сыныпқа барған балалардың 89 пайызы қазақ мектебін таңдаған. Бұл көрсеткіш соңғы 3 жылдан бері көбеймесе азайған жоқ деп сенеміз.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер