ЖАМБЫЛДА ТАҒЫ ДА ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

3838
Adyrna.kz Telegram

ҚР Конституциясы күніне орай Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында 18 отбасына пәтер кілтін тапсырды, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы Аса ауылындағы көпбалалы және толық емес отбасыларға арендалық негізде пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Жоба құны – 146,9 млн. теңге. болатын «Бәйтерек» ықшам ауданындағы жаңа пәтерлерді «Бином» ЖШС-і жүргізген. Аталған қаржы аудандық бюджеттен қарастырылғанын айтып өткен жөн

Су жаңа пәтерге қол жеткізген 18 отбасының бірі Жайнар Спатова. Ол өзінің отбасының көп жылдан бері пәтерге қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

– Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі тұрғын-үй мәселесі екені көпшілікке белгілі. Сондықтан да мен тап бүгін бұл мәселе шешіліп, пәтер кілтін аламын деп ойламадым. Әйтсе де бүгін Алланың қалауымен көптен күткен пәтеріме ие болып отырмын. Сол себепті облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Айта кетейік, облыс бойынша көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталды. Оның 93-і арендалық үй, 27-і демеушілер есебінен. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Сондай-ақ, тұрғын үй кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 млрд. теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, бұған дейін хабарлағанымыздай Конституция және Білім күні мерекелеріне орай облыс бойынша 800-ге жуық пәтерді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 9-ы Тараз қаласында, 2-і Жамбыл Және Талас аудандарына тиесілі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірінші бастамасында халықты тұрғын-үймен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл әлеуметтік бастама елімізде тұрғын-үй құрылысын дамытуға зор серпін беріп отыр.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер