Отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктері

922
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық ғылым – еліміздің дамуындағы негізгі қозғаушы күштердің бірі. Ғылым мен инновацияның арқасында ел экономикасы тұрақты дамып, халықтың өмір сүру деңгейі жақсарады. Сондықтан отандық ғалымдардың жетістіктерін насихаттау, олардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін халыққа таныстыру – өзекті міндеттердің бірі болып табылады.

Ғылыми жетістіктер – мемлекетіміздің беделін әлемдік деңгейде көтеріп, технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Қазақстандық ғалымдар түрлі салада жетістіктерге жетуде. Атап айтатын болсақ биотехнология, медицина, физика, химия, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында. Олардың зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалып, кейбір жұмыстар еліміздің ғана емес, әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарында. Осы тұста қазақстандық ғалымдардың әлемдік деңгейде танылған бірнеше жетістігін атап өтуге болады.

Өсімдік биотехнологиясы және ауыл шаруашылығы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары өсімдіктердің гендік инженериясы саласында маңызды зерттеулер жүргізуде. Мысалы, олар құрғақшылыққа төзімді бидай сорттарын шығаруға үлес қосты. Бұл жетістік Қазақстанның ауыл шаруашылығында өнімділікті арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Медицина және фармацевтика

COVID-19 пандемиясы кезінде отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы "QazVac" вакцинасын әзірледі. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бұл вакцинаны жасап шығарып, Қазақстанның биотехнология саласындағы әлеуетін көрсетті. Бұл отандық ғылымның денсаулық сақтау саласына тікелей ықпалын көрсететін маңызды жетістік болды.

Жер сілкінісін болжау әдістемелері

Сейсмология институтының қазақстандық ғалымдары жер сілкіністерін болжау және олардың алдын алу бағытында маңызды зерттеулер жүргізіп келеді. Қазақстан жер сілкінісі жиі болатын аймақтарда орналасқандықтан, бұл зерттеулердің маңыздылығы артып отыр. Олардың жұмыс нәтижелері арқылы халыққа қауіпсіздік шараларын дер кезінде қабылдау мүмкіндігі туындайды.

Жаңартылатын энергия көздері

Назарбаев Университетінің ғалымдары жасыл энергетика саласында инновациялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың күн және жел энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған зерттеулері Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл елдің энергия көздерін әртараптандырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Ғылыми жетістіктердің тек мамандар арасында ғана емес, кең ауқымды қоғамда танылуы маңызды. Бұл ғалымдардың еңбегін бағалауға, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға және жалпы қоғамның білім деңгейін көтеруге ықпал етеді. Телевизия, газет-журналдар және интернет ресурстары отандық ғалымдардың жетістіктерін халыққа жеткізудің негізгі құралдары болып табылады. Мысалы, «Хабар», «Қазақстан», «Абай» телеарналарында ғылымға арналған бағдарламалар көбейіп, ғалымдардың жетістіктері туралы сюжеттер жасалуда. Сонымен қатар, ғылыми жетістіктерді насихаттауда әлеуметтік желілер маңызды құралға айналды. Instagram, Facebook, YouTube сияқты платформаларда отандық ғалымдардың зерттеулері мен жаңалықтары туралы танымдық видеолар, посттар жариялау арқылы жастардың назарын аудару тиімді.

Ғылыми жетістіктерді таныстырудың тағы бір жолы – халыққа арналған ашық лекциялар, көрмелер, ғылыми фестивальдер өткізу. Мысалы, "Ғылым ордасы" музейінде ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсетіліп, олардың қолжетімді форматта түсіндірілуі халықтың қызығушылығын тудырады. Ғылыми жетістіктерді насихаттау білім беру жүйесі арқылы да жүзеге асуы тиіс. Мектеп оқулықтарына заманауи ғылыми жетістіктерді қосу, университеттерде ғалымдармен кездесулер ұйымдастыру жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттырады.

Отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында насихаттау – еліміздің ғылыми потенциалын арттыруға, жаңа буын ғалымдарды тәрбиелеуге және қоғамның жалпы білім деңгейін көтеруге септігін тигізеді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері халыққа кеңінен таныстырылса, ғылымға деген қызығушылық артып, еліміздің дамуындағы ғылымның рөлі арта түседі.

 

Пікірлер