«22 жерінен пышақталған». Режимдік нысанда кісі өлімі болған ба?

3310
Adyrna.kz Telegram

Абай облысының Үржар ауданындағы Үржар ауылында 2001 жылы туған жас жігіттің кісі қолынан қаза тапқаны анықталды.

2024 жылдың 30 қаңтарында Абай облысында Райбек Рахат есімді ер адам аса қатыгездікпен өлтірілген. 

Ақпаратты БАҚ–қа жеткізген жігіттің туған әпкесі – Әсем. 

«2001 жылы туған бауырым аса жауыздықпен, қаталдықпен өлтірілді. Оған 22 пышақ жарақаты салынған!!! 29.01.24 күні әскери комиссариатта Урджар аудандық қорғаныс істері басқармасының (ОДО) 6-ға жуық қызметкерінің қатысуымен кісі өлімі орын алды», - делінген Әсемнің желіде жариялаған хабарламасында.

Әсемгүл Қанатқызы «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында оқиғаның мән- жайын айтты.

- Қайғылы трагедия орын алған күн есіңізде ме?

- Иә, інімнің денесінің сау жері болмады. Оған 22 жерінен пышақ жарақатын салып, аса қатыгездікпен өлтірген. Қайғылы оқиға мемлекеттік құпияларды сақтайтын режимдік нысан болып табылатын жерде болған. Спирттік ішімдіктермен дастархан жайылып, інімнің әріптестері арасында кішігірім отырыс болған. Алайда отырыс барысында жанжал туып, кейіннен ғимараттың сыртында інімді өлтірген.

- Тергеу барысы қалай жүріп жатыр? Кінәлілер тергеліп жатыр ма?

- Тергеу 7 ай бойы жүргізілді, бірақ әлі күнге дейін менің бауырымның өлтірілуіне қатысы барларға қатысты әділдік пен жазаны талап ете алмай отырмыз. Тергеу барысында біздің ойымызша, заң бұзушылықтар орын алған. Кінәлі тек бір адам ретінде танылды. Бірақ әскери комиссариат қызметкерлері жасырынып тұр! Тергеуде көптеген сәттер ескерілмей қалды! Қылмыс пышақпен жасалған. Алайда қылмыстың іздері тексерілмеді, Бейне жазбалардағы бейнелер алынбаған. Көптеген күдіктілерді жасыру бойынша іс қозғалмады. Полицей қызметкері абайсызда менің бауырымның мәйіті табылған жердегі фото мен видеоны WhatsApp қосымшасында таратқан. Бұл өте сұмдық!

Асқан қатыгездікпен өлтірілген ер адам аудандық комиссариатта жұмыс істеген. Марқұм болған жігіт небәрі 10 күн жұмыс істеп үлгерген.

- Ол (марқұм) әскери комиссариатта жұмысқа 10 күн бұрын кірген. Ол әскери кафедраны бітірген. Мамандығы - технолог," - дейді марқұмның әпкесі.

Сондай-ақ, марқұм Рахаттың әпкесі қылмыстық іске қатысты сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілгенін хабарлады.

Мұның себебін сұрап, іске қатысты Абай облысы Семей қалалық ауданарылық сотына сұрау салдық. Ресми орган үш жұмыс күні ішінде жауап жолдайтынын хабарлады. Бүгін үшінші күн, әзірге жауап жоқ. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер