Черчесовтің әрекетіне түсініктеме талап еткен министрлік басшысы енді «қалжың» туралы айтты

2816
Adyrna.kz Telegram

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне қатысты айтқанын енді «сәтсіз әзіл» деп бағалады. Бірақ ол қазақстандықтарды толерантты болуға және Ресейден келген бапкерді еңбегінің нәтижесіне қарап бағалауға шақырды.

«Станислав Черчесовтың «француз тілі» туралы әзілі сәтсіз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де жақсы түсінеді. Дегенмен, Черчесовтың міндеті – біздің команданы жаңа деңгейге көтеру. Оны ең алдымен жұмысына қарап бағалайық», - деп жазды Туризм және спорт министрлігінің басшысы Facebook парақшасында.

Мырзабосынов қазақтардың ежелден қонақжай, төзімді халық болғанын еске салды.

«Сондықтан, мен жағдайды ушықтырмауға және бізге тән жомарттығымыз бен жайбарақаттығымызды көрсетуге шақырамын. Кез келген мәселені түсіністікпен, байсалдылықпен шешуге қабілетті дана, толерантты, өркениетті қоғам екенімізді көрсетейік. Станислав Черчесов – халықаралық тәжірибесі бар және футболда 20 жылдық мансабы бар танымал маман. Ол қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қиын жағдайдан жаңа деңгейге алып шығады деп сенемін», - деп түйіндеді сөзін спорт министрі.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Осыдан кейін елде наразылық толқыны көтерілді. Ел парламентінің депутаттары жағдайға тоқталып, Қазақстан Республикасына жұмыс істеуге келгендер қазақ тілін құрметтеу керектігін айтты. Ал қазақстандық «Қайрат» клубында бірнеше жыл ойнаған ресейлік футболшы Андрей Аршавин Черчесовтың «әзілінде» астарлы мәтін жоқ екенін айтты.

Спорт министрлігі әу баста бұл оқиғаға реакция білдіріп, Ресей бапкерінің "сөздері контекстен жұлып алынды және Черчесовтың сөзі жай атмосфераны сейілту үшін айтылған" деп мәлімдеген футбол федерациясынан түсініктеме талап етті. Нәтижесінде бапкерге айыппұл салынды.

Пікірлер