Келіссөз арқылы келісімге келу - стратегиялық көрегендік

907
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына ілтипат білдіріп, бұл диалог алаңы Астана халықаралық форумының аясында құрылғанын, ең өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі Ақордаға сілтеп.

“Өздеріңізге мәлім, бүгінде адамзат аймақтық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.

“Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді”, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына еліміздің өсіп-өркендеуі және қоғамның демократиялық талпыныстарын жүзеге асыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның пікірінше, АЭС құрылысы бойынша таяуда өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің демократиялық құндылықтарға бейіл екенін көрсетті.

Пікірлер