Депутат ЛГБТ мен феминита насихатына тыйым салуды талап етті

1012
Adyrna.kz Telegram
Сурет: egemen.kz
Сурет: egemen.kz

Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов премьер-министрдің атына сауал жолдап, елде ЛГБТ насихатына тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

9 қазан күні өткен жиында депутат Зайытов ЛГБТ мен “Феминита” ұйымы болашақтың тамырына балта шабады деп пікірін білдірді.

“Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр.
Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы. Аз ғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі”, – дейді ол.

Депутат аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмағандарға өз насихаттарын ашық жүргізген сәтте құқық қорғау органдары тек қарап отырғанын айтты.

“Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының  маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?
Сонда қалай?! Әншейінде кез-келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде "тәртіпті қауқарсыз" бола қала ма?” – деп қосты Зайытов.

Сондай-ақ, Ринат Зайытов "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" № 31 Заңының 1-бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап етті.

Пікірлер