Рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың борышы

2919
Adyrna.kz Telegram

Мемлекетіміздің символына айналған рәміздер алғаш рет 1992 жылы ресми түрде бекітілді. Содан бері төртінші маусымда елімізде Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл күнде асқақтықтың белгісі саналатын ту, еркіндіктің жаршысы – елтаңба, әр сөзі жігерге толы – әнұран тәуелсіздіктің нышанына айналды. Осындай ұлттық рухты оятып, жігерлендіретін рәміздерімізді қорғау, қастерлеу баршамызға міндет.

Қазақстан Республикасының рәміздері – елдің тәуелсіздігін, тарихын, мәдениетін, және бірлігін бейнелейтін маңызды ұлттық нышандар. Әрбір рәміздің өзіне тән ерекшелігі мен мағынасы бар, олар еліміздің болашағы үшін ерекше орын алады. Рәміздерді қорғау және оларды құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Қоғамда рәміздерді насихаттау арқылы, әсіресе жас буынға олардың маңызын түсіндіріп, құрмет сезімін қалыптастыру қажет. Бұл іс-шаралар мектептерде, университеттерде және мемлекеттік мерекелерде өткізілсе, рәміздерге деген құрмет тереңдей түседі. Әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында да рәміздердің маңызын түсіндіретін шаралар өткізу бұл істің тиімді жолдарының бірі.

2023 жылы мемлекеттік рәміздерді насихаттау аясында түрлі іс-шаралар өтті. Солардың бірі – еліміздің әр аймағында өткен «Менің Қазақстаным» патриоттық форумы.  Жастар арасында патриотизмді дамытуға және рәміздерге құрметті арттыруға бағытталған іс-шараға қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінде рәміздерге қатысты ақпараттық сабақтар өткізілді. Оқушыларға мемлекеттік ту, елтаңба және әнұранның мән-мағынасы түсіндіріліп, арнайы викториналар мен конкурстар ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздерге арналған шығармашылық байқаулармен қатар  рәміздерді құрметтеуге шақыратын жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер ұйымдастырған флешмобтар өткізілді. Мұндай іс-шаралар рәміздерді насихаттап қана қоймай, оларды қорғау тәртібін де түсіндіреді.

Қазақстан Республикасының заңнамасында рәміздерді дұрыс пайдалану мен қорғау тәртібі нақты белгіленген. Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдалану немесе оларға құрметсіздік көрсету қатаң жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі 458-бап бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау немесе дұрыс пайдаланбау, рәміздерге қатысты құрметсіздік көрсету, оларды бұзуға жол бермеу жөніндегі талаптарды бұзу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. Оны бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл салынады. Рәміздерді қоғамдық орындарда қорлаған жағдайда үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл салынады.

Бұл заңдар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді және оларды дұрыс қолдануды қамтамасыз етеді. Ал рәміздерге зиян келтіргендерге айыппұлдан бастап, қылмыстық жазаға дейінгі шаралар қарастырылған.

Рәміздерді қорғау – әрбір азаматтың парызы. Бұл тек қана заңдық талап емес, ұлттық рухты көтеретін маңызды іс-шара, әр азаматтың ар-ожданына байланысты іс. Бұл – елдің абыройын қорғау. Оларды қорғай отырып, біз өз мәдениетімізді, тарихымызды және ұлттық бірегейлігімізді сақтаймыз. Жастар арасында рәміздерді құрметтеуді насихаттау және олардың маңызын түсіндіру – болашақ ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану және қорғау – елдің ішкі тұтастығын сақтаудың негізі. Қоғамда рәміздерге деген құрметті арттыру, әсіресе, жастар арасында, патриоттық сезімдерді дамытуға ықпал етеді. Сондықтан әрбір азамат рәміздерге деген құрметін күнделікті өмірде көрсете отырып, болашақ ұрпаққа тәуелсіздіктің маңызын насихаттауы қажет. Рәміздерді тек бір көркемдік белгі ретінде емес, ұлттық бірліктің нышаны ретінде қабылдау маңызды. Осылайша, әрбір қазақстандық өз рәміздерін қорғай отырып, елдің абыройын асқақтатады.

Еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын ұлттық мақтаныштың көрінісі саналатын рәміздер терең мағынаға ие, олар халықтың бірлігін, тәуелсіздікке жету жолын және ұлттың болашаққа деген сенімін бейнелейді. Халықаралық ареналарда еліміздің намысын қорғайтын спортшыларымыз бен білім бәйгесінде бақ сынайтын әрбір қазақстандық көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқату мақсатында бар күштерін салатыны анық.

Пікірлер