Ұстаздар күні қарсаңында «Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісін иеленген Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер Жеңіс Хамзин 27 жылдан бері ұстаздық етіп келеді.
Жеңіс Кәкібайұлы Сырым ауданы Алғабас ауылын тумасы. Сырым ауданы Жымпиты орта мектебін 1991 жылы бітіріп, 1993 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. 1997 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын туған жері Сырым еліндегі Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. 2013-2014 жылдары БҚО білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінде тарих пәнінің әдіскері, 2014-2021 жылдары қаладағы №46 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарады. 2021 жылдан бері Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.
Өңірдің үздік тарихшысының жетістіктері де жетерлік. Әр кезеңде тынымсыз еңбегі еленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иеленіп, «Орал қаласының құрметті педагогы» атанды. Астана қаласы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Отан отбасынан басталады» тақырыбындағы республикалық жобалар, Үздік авторлық бағдарламалар байқауларында жүлдегер атанып жүр.
Жеңіс Кәкібайұлының шәкірттері облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларында үнемі көш бастап келеді. Тек ағымдағы жылдың өзінде облыстық олимпиадада шәкірттері Н.Аскарова, А.Меңдібай, А.Игалиева жүлделі орындарды иеленген.
Мұғалім өзінің педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп келеді, қашықтан ұйымдастырылатын пәндік олимпиадаларға қатысып, іс-тәжірибесімен республикалық басылым беттерінде бөлісіп отырады.
– Ата-анам да ұлағатты ұстаздар, сол себепті абыройлы мұғалім болмауға хақым жоқ. Ұстаздар әулетінде тәрбиеленген соң мамандық таңдауда ата-анамның ықпалы зор болды. Күні бүгінге дейін ұстаздық мамандығын таңдағаныма өкінген емеспін. 27 жылдан астам осы салада еңбек етіп келемін, – дейді тарихшы.