2024 жылғы 1 шілдедегі деректерге сүйенсек елімізде барлығы 90 қала, 27 кент, 6208 ауыл бар. Халықтың 41%-ы ауылда тұрады. Ал олардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының еліміздің эканомикасына тигізетін пайдасы орасан зор. Бұл сала тұрғындарды – азық-түлікпен, өнеркәсіпті – шикізатпен және халықты – жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде.
Еліміздегі ауыл шаруашылықтың жалпы өнімі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұған мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығының 3%-ға артуы әсер етті.
Сонымен қатар, биыл алғаш рет көктемгі егін жинау жұмыстарын несиелендірудің көлемі 580 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Үкімет жыл басындағы 180 миллиард теңге жеңілдетілген қаржыландырудан бөлек, шаруаларды жылдық 5 пайызбен несиелеуге қосымша 400 миллиард теңге бөлді. Мұның барлығы ауылшаруашылық саласындағы қаржы жетіспеушілігін болдырмау мақсатында жасалып жатыр. Осындай жобаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
«Ауыл аманаты» - мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған жоба. Ауылдағы халықтың табысын арттыруды мақсат еткен жоба 2023-2025 жылдар аралығында жұмыс жасайды. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға жеңілдетілген несие ала алады. Қарыз беру шарттары тиімді, пайыздық мөлшері төмен. Жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен берілетін шағын несие мерзімі 5 жылды құраса, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласына 7 жылға дейін беріледі. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 млн теңге), ал, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 млн теңге) несие беріледі. Қаражатты ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау қызметін дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Қойылатын талаптарға келетін болсақ шағын несие алушы жеке кәсіпкер болып тіркелуі шарт. Сонымен қатар, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы керек.
Қазірге дейін атқарылған жұмыстарға назар салсақ, 2023 жылы жобаға 6 аудан, оның ішінде 96 ауылдық округ енгізілген. Сондай-ақ, 280 жұмыс орны ашылып, 210 жеке кәсіпкер тіркелген. Биыл 264 несие беру, 10 АӘК алушыға несие беру, 538 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мал шаруашылығына 50%, егін шаруашылығына 40% және ауылшаруашылық емес кәсіпке 10% несие беру үлесін бөлу көзделген.
«Ауыл аманаты» аясында 2023 жылы 1 млрд 642 млн теңгені құрайтын 245 өтінім қаржыландырған Түлкібас ауданында биылда жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
- 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауданнан 4 ауылдық округ таңдалды. Олар: Арыс, Жаскешу, Ақбиік және Кемербастау ауылдық округтері. Аталған 4 ауылдық округтен несие бойынша бағыттары анықталып және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Бағдарлама аясында құлпынай шаруашылығы дамып келеді. Аудан көлемінде 2024 жылы егістік алқабтарында құлпынайдың көлемі 15 га жетті. Бұл ретте Құлпынайдың өсірудің интенсивті сорттары таңдап алынған. Көп жылдық полителен пленкасын төсей отырып су үнемдеу (тамшылатып суғару) технологиясы енгізілген – дейді, Түлкібас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің қызметкері Алибар Анартай.
2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыруды талап етті. Ауыл тұрғындарына өнімдерін өңдеп, сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудың маңыздылығын атап өтіп, әр ауданда түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет екенін айтты.