«Қала күні» мерекесі қарсаңында Орал қаласында 24 аула қолданысқа берілді. Тұрғын үйлердің алдына балалар алаңқайы мен ашық спорт алаңдары орнатылды.Тасқын судан зардап шеккендерге тұрғынжай кілттері табысталып, Зашаған кентінде жаңа тынымбақ пайда болды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен қала әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев қатысты.
Үш жылда қала аумағында 61 аула абаттандырылған. Кейінгі жылдары қалада «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы аясында бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлердің аулалары жаңа кейіпке еніп жатыр. Тек соңғы үш жылда қала аумағында 61 аула абаттандырылған. Биыл да қала аумағында 24 аулада тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 12 аулада жоспарланған жұмыстолық аяқталған.
Абаттандыру жұмысы жүргізілген Абай даңғылы, 196/1 үйдің ауласы салтанатты түрде қолданысқа берілді. Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абылай Нұрмақов аула тұрғындарын қауынышпен құттықтады. Тұрғын үй қырық бір жыл бұрын пайдалануға берілген. Мұнда екі жүзге жуық отбасы тұрады. Бұдан бұрын көп қабатты үйдің шатыры жаңартылып, қасбеті сырланып, жертөлесі жөндеуден өткен. Ал өткен жылы ауласы абаттандырылған. Міне, осы жұмыстар сәтті аяталып, тұрғындар зор қуанышқа кенелді. Розалия Иманғалиеваның аталмыш мекенжайда отбасымен 1983 жылдан бері тұрады.
– Аула тұрғындар мен балалардың сейіл құратын орнына айналды. Тұрғындар атынан алғыс айтамын. Жаңа үйге көшкендей сезініп жүрміз, – деді Розалия Иманғалиева.
Аулаларды абаттандыру жұмысы аумақтың ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырылуда. Аталмыш мақсатқа 1,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Заманауи ойын кешенінде балалардың қауіпсіздігі үшін жұмсақ жабын төселген. Аулаға Street workout жабдықтары орнатылған. Футбол, баскетбол ойындарына арналған алаң бар.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының мәліметінше, барлық 24 аулада жоспарланған жұмыс биыл қазан айының соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша тұрғындар өтінім қалдырып, аула аумағына жүргізу қажет жұмысты өздері көрсетеді.
36 отбасы баспаналы болды
Оралда қала күніне орай тұрғын үй кезегінде тұрған 36 отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен екі көпбалалы жанұяға пәтер кілті табысталды. Жалпы Батыс Қазақстан облысында тасқын зардабы толық жойылды.Бұл туралы аймақ басшысы Нариман Төреғалиев мәлімдеді.
Тұрғындар баспанамен түгел қамтылып, кәсіпкерлерге келген шығын өтелуде. Көктемде өңірдің 5 ауданында 1300-дей үйді су басса, Оралда 14 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалған болатын. Өңірдегі су тасқынын мамандар бірнеше кезеңге бөледі. Әуелі еріген қар аула, көшелерді басса, одан кейін кішігірім өзендер тасиды. Сосын барып бастауын Ресейден алатын трансшекаралық дарияларға кезек келеді. Биыл екінші кезеңде Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары айтарлықтай зардап шекті. 1300-дей үйді су алды. Ал негізгі соққыны облыс орталығы қабылдады. Жайықтың тасуынан өзен жайылмасындағы 14 мыңсаяжай учаскесі су астында қалды. 55 бау-бақшасеріктестігін тұрақты мекендейтін он мыңдағанадам бір күнде баспанасынан айрылды.
Есқалиевтер отбасы бұрын қалада пәтер жалдап тұратын. Отағасы көлік жөндесе, Тұрсынгүл бала күтімімен үйде отырған. Былтыр көктемде саяжай серіктестігінен жер алып, шағын үй салған. Бар жиған-тергендерін құрылысқа жұмсап, жаңа қоныста бір ғана қыстаған. Отағасының айтуынша қызыл суды тоқтатуға бар күшті салғанымен қолдан еш нәрсе келмепті.
Төрт ай бойы эвакопунктті паналаған Есқалиевтер отбасының пәтерге қол жеткізуі де оңай болмаған. Ақыры қала басшылығының қолдауымен қайырымдылық қорлары қол ұшын созды. Қазір 3 балалы жанұя Кемеңгер көшесіндегі көп қабатты үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.
– Әлі күнге дейін жолдасым мен балам сенбей жүр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суға кеткендер үйсіз қалмайды деді. Үкімет берген уәдесіне тұрды, – деді жаңа қоныс иесі Тұрсынгүл Батырғалиева қуанышын жасыра алмай.
Қазір 4 ауданда 401 үй, облыс орталығында 375 үй пайдалануға берілді. Арнайы комиссия шешімімен саяжай үйі жалғыз баспана санатындағы 2330 оралдық үймен қамтылуы тиіс болатын. Бүгінде пәтерлерді сатып алу жұмыстары аяқталды. Қала әкімінің орынбасары Азамат Халеловтың мәліметінше, тасқыннан келген шығын 70 миллиард теңгеге жуықтайды.
– Биылғы су тасқыны үлкен сабақ болды.Көптеген азаматтар жердің санатына қарамастан саяжайларда үйлерін салды. Алдағы уақытта саяжай жерлері тәркіленетін болады. Мемлекеттің меншігінде қалады. Кешенді шаралар жүргізіледі. Қазір тиісті жол картасын жасап жатырмыз , – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов.
Ортақ күш-жігердің арқасында айтып келмейтін апаттың зардабы қазір толық жойылды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы уәде еткендей,ешкім де көмексіз, баспанасыз қалған жоқ.
Зашағанда – жаңа бульвар
Қоғамдық кеңістікті абаттандыру – қазіргі заманғы қала құрылысының өзекті мәселелерінің бірі. Осылайша, халыққа қолайлы жағдай жасай отырып, жайлы өмір сүру ортасын құру міндеттері шешіледі.
Өткен жылы Орал қаласының үш ауданында демалыс аймағының құрылысы басталған болатын. №44 мектептің және М.Өтемісов атындағы университеттің маңында тынымбақ халық игілігіне берілді. Қала күні мерекесі қарсаңында Зашаған кентіндегі Орал-Саратов тас жолының бойында жаңа бульвар пайдалануға тапсырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Бульварда 3 балалар алаңы, 8 стрит-воркаут аймағы, 1 спорт алаңы, 4 ересектерге арналған аймақ, жүгіру жолағы, әткеншектер, кіші архитектуралық пішіндер және өзге де элементтер қарастырылған. Аумақ жарықтандырылып, қоршау мен каналдан өтетін бірнеше көпір орнатылған. Бульвардың жалпы аумағы – 5,4 шақырым. Нысанның құрылысын мердігер - «УниверсалСтройСервис» ЖШС жүргізді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, кент тұрғындарын жаңа демалыс аймағының қолданысқа берілуімен құттықтады.
– «Оралдың әр ауданында демалыс орындарын салудамыз. Бұл – халықтың таза ауада серуендеуіне, тынығуына қолайлы жағдай жасау үшін қабылданған шаралар. Жайық жағалауын да кеңейтіп, қайта жаңғырту жоспарымызда бар. Кенттұрғындарын қуаныштарымен құттықтаймын. Жаңа бульвардағы жабдықтарды ұқыпты ұстап, игіліктеріңе пайдаланыңыздар», – деді Нариман Төреғалиев. Жұртшылық жаңа бульварды аралап, дән риза.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА