"Жалған ақпарат таратады". Сенатор үкіметтен TikTok-ты бұғаттауды сұрады

1362
Adyrna.kz Telegram
Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz

Сенатор TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау қажет деп санайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сенатор Геннадий Шиповских премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында TikTok-ты бұғаттау керек деп санайтынын жеткізді.

"TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдылыққа ие. Елімізде де бұл желіні қолданушылар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны кең креативті жанрда жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да өздеріңіз байқап жүрсіздер", - деді Геннадий Шиповских.

Сенатор көптеген мемлекеттерде TikTok-қа ішінара тыйым салынып жатқанын мәлімдеді. Геннадий Шиповскихтың сөзінше, бұл мәселенің Үкімет мүшелерімен бірнеше рет көтерілген. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже болмаған.

"TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы қажет. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру керек. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз", – деді сенатор.

Айта кетейік, депутат осы уақытқа дейін желідегі парақшасында Tiktok-тан төнер қауіп туралы жазған болатын.

Пікірлер