Мұхтар ШЕРІМ. КЕЛІН КЕЛМЕЙТІН БОЛДЫ!

4635
Adyrna.kz Telegram

 

Ағам бір күні әке–шешеме: «Қатын алам, қатын алмасам, мына қыста тоңып, қатып қалам!» –деді. Әке–шешем кәдімгідей уайым жеді. «Қой, қатып қалмасын, үйлендірейік!» –деп шешті. Содан, ағам жүріп жүрген қызын достарымен бірге әкелуге кетті. Біз бір жыл сыпырылмаған ауланы сыпырып, қораны малақтардан тазалап, бес жыл бойы әктелмеген үйдің ішін әктеп, кеше тышып кеткен иттің қатқақ нәжістерін аулаққа апарып тастап, шашылып жатқан баклашкаларды бақшаның шетіне қарай лақтырып, қар күреп, қисайып қалқан антеннаны түзулеп, темір қақпаны айқара ашып, інім екеуміз аяқ–қолымыздың тырнақтарын алып, моншаға түсіп, шашымызды ретке келтіріп, кешке әрең босадық. Шешем байғұс бауырсақ пісіріп жатты абысындарымен. Әкем досынан ақша қарыз сұрауға кетіп, көңілді оралды. Содан не керек, ағам ызбандап тұр:

–Келіндеріңіз келмейтін болды!

–Неге ойбай?

–Қыз емес екен.

–Қалай, қыз емес екен? –деп сұрайды әкем ащуланып.

–Күйеуі бар екен ғой...

Содан не керек, темір қақпаны жауып, баклашкаларды қайтадан шашып жіберіп, иттің қатып қалған нәжісін орнына қойып, қораға малақтарды қайта тастап, ауланың астан–кесеңін шығарып, күрелген қарды кері сырғытып, антеннаны қисайтып қойып, қолымыз бен аяқтарымыздың тырнақтарын орындарына желімдеп, моншаға барып, тура алдынан қайтып салып, шашымызды ұйпа–тұйпа етіп, әкем досынан қарыз алған ақшасын апарып беріп, шешем бауырсақтарды көршілерге таратып біткенде, ағам тағы ызбандады.

–Алләу?

–Не болды, бәләу? –деді анам.

–Дайындалыңыздар, келіндеріңіз баратын болды!

–Күйеуі бар ма? Керегі жоқ, ойбай?

–Жоқ, басқа қыз. Енді танысып жатырмын.

–Керегі жоқ, ойбай!

–Көктемге дейін тоңбаймыз, ажырасып кетсек оңбаймыз дейді.

Содан не керек, таңертеңгі жұмыстарымызды қайталап, әкем досынан қуанып келіп отырғанда, ағам ызбандады:

–Не болды тағы? –деп сұрады әкем.

–Келіндеріңіз келмейтін болды.

–Сол келіні құрғыр келмей–ақ қойсыншы, а?

–«Екеуміз жататын бөлменің, үйдің, асхананың суретін, енемнің 3х4 фотосын вацаппен жіберші» дейді.

–Одан әрі! Жолама, ойбай!

Не керек, тура жаңағыдай бәрін орын–орнына қайтадан жайғастырдық. Ағам көктемде, келіншегімен бірге жатқанда тоңбайтын кезде үйленбекші... Біздің үйде көмір жоқ, ал көмірсіз өмір жоқ!

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер