ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Париждегі Олимпиададан кейін алғаш рет қазақ боксының көшбасшыларымен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеп.
«ҰОК басшысы 2024 жылы Парижде (Франция) өткен Олимпиада ойындарына қатысқаннан кейін алғаш рет Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар құрамымен бетпе-бет кездесу өткізді. Геннадий Головкин 2024 жылғы Олимпиадаға қатысқан боксшылардың қазіргі жағдайы туралы білді. Сондай-ақ, жаттықтырушылар штабы өз кезегінде алдағы турнирлерге дайындық бойынша ағымдағы оқу-жаттығу жиындарының барысы туралы айтты», - делінген хабарламада.
Кездесуге ҰОК президенті Геннадий Головкин, Бас хатшы Әлімжан Ақаев, ҚСБ басшысы Шахмұрат Мүтәліп, атқарушы директор Рауан Игенев, сондай-ақ бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов және аға жаттықтырушы Асқар Еркебаев қатысты.
Команда Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық жарыстарға және Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Қайрат Сәтжанов пен Асқар Еркебаевтың айтуынша, бұл турнирлердің нәтижелері командалық құрамның қалыптасуына тікелей әсер етеді.