Сенат төрағасы: АЭС ел экономикасының ғылымды қажет етуін арттырады

717
Adyrna.kz Telegram

АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының жұмысы бүгін Павлодар облысында жалғасты. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Ақсу, Павлодар қалаларында болып, энергетикалық корпорацияның ұжымымен, сондай-ақ, металлургия саласында еңбек ететін мамандармен кездесті. Штаб мүшелері сарапшылар қауымдастығымен және белсенді жастармен де жүздесті. Іс-шаралар барысында АЭС салу мәселесіне қатысты референдумның маңызы мен мәні талқыланды.

 

Еуразиялық энергетикалық корпорациясының және Қазақстан алюминийі компаниясының ұжымдарымен кездесулерде Штаб мүшелері энергетика саласындағы маңызды проблемаларға, нақты айтқанда, оның тапшылығына және электр стансаларының тозуы мен импортқа тәуелділік мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Сенат Төрағасы атап өткендей, Қазақстан жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы орайда елімізде көміртегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл ретте елдегі энергия тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар бар. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған көмір стансаларының тозу деңгейі шамамен 70 пайызға жетті. Әрине, еліміз табиғи ресурстарға бай. Дегенмен, олардың көпшілігі қайта қалпына келмейтін ресурстар екенін ескеруіміз керек. Яғни олардың қоры шексіз емес. Сондықтан елдің жарқын болашағын қамтамасыз ететін, ертеңгі күнге деген сенімді арттыратын тұрақты және қауіпсіз энергия көзі қажет. Бұл ретте дәл осы атом электр стансасы ұзақ жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ететін әлеуетке ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Палата Спикері ел болашағына ықпал ететін мәселе күн тәртібіне шығарылған референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды рөл атқаратынын айтты. Штаб мүшелері өңірдегі сарапшылар қауымдастығымен кездесуде жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие екеніне тоқталып өтті. Сұхбат кезінде АЭС-тің елге берер игілігін халыққа сапалы әрі жан-жақты түсіндірудің маңызды екені де айтылды.

Пікірлер