Алаш арыстарының шырақшысы еді

1104
Adyrna.kz Telegram

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті, тілші-ғалым, алаштанушы, публицист, баспагер, Филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес дүниеден өтті. 

 Ғарифолла Қабдолқайырұлы 1957 жылы 26 тамызда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылында дүниеге келіп, 1974 жылы орта мектепті тәмамдады. 1979 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1984-1987 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында оқыған.

Еңбек жолын Ұлттық Ғылым академиясынының А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері боп бастады. 1992 жылдан қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті. 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төраға орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі. «Құрмет», «Парасат» ордендерің иегері.

Баспа және полиграфия ісінің қайраткері. Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы (2007). Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Құрметті азаматы (2016). Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Халықаралық Айтматов академиясының академигі.

Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне зор үлесін қосқан Ғарифолла Әнес А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов және Х. Досмұхамбетұлы еңбектерін құрастырып, алғысөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды. «Алаш. Алашорда» энциклопедиясын жарыққа шығарды (2009), 7 том «Қазақ» газеті (1913 – 1918) мен 7 том «Айқап» журналдарының (1911–1915) толық корпусын жасап, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген журналдарды араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, ондаған том басылымдар дайындады. Заңғар жазушы Ә. Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Алпысыншыжылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды.

Ғарифолла Қабдолқайырұлының өмірінің соңғы күніне дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеп, Алаш қайраткерлерінің шығармаларын архивтерден тауып төте, латын әліпбиінен кирил әліпбиіне аударып, кітаптарын шығарып, насихаттады (2 мыңнан аса кітап). Репрессия құрбандары жасырын көмілген Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылында құрбандардың есімін мәңгі есте қалдырып, қасіретті жылдар тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыру мақсатында сол жерге музей салу мәселесін көтерген болатын. Осы ұсыныс негізінде 2018 жылы Жаңалық ауылында «Саяси-қуғын сүргін құрбандары музейі» бой көтерді.

Ол жұмысын Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамымен ынтымақтаса, ұштастыра отырып жүргізді. Қоғамның мүшесі, басқарма мүшесі, біраз жыл Қоғам төрағасы, кейінгі жылдары Қоғам төрағасының орынбасары болды. «Әділеттің» меншігіндегі жерде «Алаш арыстары» мешітін салудың бас-қасында жүрді.

Жаңалықтағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің тұңғыш директоры ретінде қыруар жұмыс тындырды. Қоғам және музей тарапынан оның басшылығымен небір мазмұнды жиындар, кездесулер, конференциялар, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды.

Ғарифолла Әнес өмірінің соңғы күніне дейін осы музейде қызмет атқарып, Алматы облысының шерлі тарихын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар ұйымдастырды. 2023 жылы Ғарифолла Әнестің бастамасымен Жаңалық ауылында көмілген құрбандардың сүйек қалдықтарын тауып, зерттеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

2020 жылы құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс атқарып, ақталмай жатқан қуғын-сүргін құрбандарының есімдері мен мұраларын жинақтап, жариялады. Ғұмырындада халқы үшін жасаған игі жұмыстары ұшан-теңіз! Ол бір өзі бір институттың қызметін атқарды десек те еш артықтығы жоқ. Алдағы жоспары да ауқымды болатын. Әлі де атқармақ істері ұлан-ғайыр еді. Тағдырдың ісіне амал нешік...

Алаш мұрасы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын зерттеуге арнаған Ғарифолла Әнестің мағыналы ғұмыры, келер ұрпақ игілігі үшін жасаған жұмыстары көпке үлгі болса жарасар. Қазақ руханиятының маңдайына біткен ондай тұлғалар көп емес. Марқұмның нұрлы бейнесі біздің көңілімізде ұзақ сақталады. Ауыр қайғыны жүрегімізбен көтере отырып, бүкіл қазақ халқына, туған-туыстарына, отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз.

«Әділет» тарихи ағарту қоғамының Төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. М. Әбжанов

«Әділет» тарихи ағарту қоғамының Төраға орынбасары жазушы,  публицист, ғалым Б. О. Қойшыбаев

«Әділет» тарихи ағарту қоғамының атқарушы директоры, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, алаштанушы А.О. Беркімбаев

Қоғамның Басқарма мүшелері, Алаш арыстарының ұрпақтары С.  Қожықова, Ш. Аманжолова, Н. Әзірбаев,  А. Жандосова, Г. Земель, Қ. Кеменгер. М. Айбасова.

 

Пікірлер