Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында «Қаладан-ауылға» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Өңірлік бағдарлама аясында Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң және Көпкүтір елді мекендерінен 4 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Баспаналы болған отбасыларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыстады.
Өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар инфрақұрылымдық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Оның сыртында өңірлік бағдарламаларымызды да іске қосып жатырмыз. Соның ішінде «Қаладан ауылға» бағдарламасы жас отбасылар үшін, халықтың әл-ауқатын арттыру және ауылдар мен елді мекендерді дамытуға сеп болады. Бағдарлама аясында Қазталов ауданына көшіп келген жас отбасыларды құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз берекелі болып, қуаныш пен шаттыққа толсын! – деді облыс әкімі.
Ауданда жоба іске асырылатын ауылдарда 16 тұрғын үй сатып алынуда. Бүгінде ауылдарға құрамында 78 адам бар (соның ішінде 50 бала) 14 отбасы көшіп келіп, уақытша үйлерге орналастырылды. Барлық отбасылар тұрақты жұмыспен қамтылып, мектеп жасындағы 24 бала мектепке, 25 бала мектепке дейінгі ұйымдарға орналасты.
Жаңатаң елді мекеніндегі салтанатты іс-шарада Сисеновтар мен Сүндетовтер отбасы (Жаңатаң елді мекені), Жакуповтар мен Абдрахмановтар (Көпкүтір елді мекені) отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бағдарламаның игілігін көрген Сисеновтар жанұясының отанасы Шынарай Төремұратова қуанышымен бөлісіп, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
– Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен жүзеге асқан жобаның нақты жемісі. «Қаладан-ауылға» бағдарламасына қатысушы отбасылардың атынан шынайы ризашылығымызды білдіремін. Бағдарлама арқылы Қазталов ауданының Жаңатаң ауылына ақпан айының басында көшіп келген болатынбыз. Қаладан көшіп келу барысында жергілікті атқарушы органдар барлық мүмкіндікті қарастырып, уақытша тұрғын үймен және сиыр, қой мен ешкі малдарымен қамтамасыз етті. Қазір сол төрт түліктің игілігін көрудеміз. Жолдасым Аят екеуімізді тұрақты жұмысқа орналастырды. Жолдасым мердігермен бірге осы үйдің салынуына атсалысты. Өзегінен теппей, құшақ жая қарсы алған ауыл халқына да алғысымыз шексіз! – деді ол.
Салтанатты іс-шарада жас отбасыларға тұрғын үй кілтімен қатар, екі бас ірі қара және 10 бас қой мен ешкінің сертификаты табысталды. Ал ауылдың батагөй ақсақалы Мусин Есмағұл жас отбасыларға ақ батасын берді.
Айта кетейік, қос елдімекенде тұрғын үй құрылыстарын жеке инвесторлар Мейірбек Фатихов және Аманжол Кереев жүргізді.