3 жылда 300-ге жуық сарбаз опат болған. Депутат әскердегі "әділетсіздік" жайлы сөз етті

998
Adyrna.kz Telegram
фото: Мәжіліс баспасөзінен
фото: Мәжіліс баспасөзінен

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі қазіргі жағдайға қатысты сауал жолдады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Депутаттың айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған.

"Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан. 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен" дейді депутат.

Сонымен қатар, ол бес ай бойы комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайын да атай кетті:

"Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда" деп қосты ол.

Сондай-ақ, Сәрсенғалиев әскери бөлімдерде орнатылған камераларға қатысты талап қойды.

"Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін "АМАНАТ" партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес. Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл - жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе", - дейді ол.

Депутат осыларды атай келе бірнеше ұсыныс білдірді.

"Жоғарыда айтылған жағдайларды ескеріп Сізден келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді ұсынамын" деді депутат.

 

Пікірлер