Енді тарихқа ауыз сала бастапты…
Авторы имам ба нақты білмедім…
Мына постта менің назарымды бірден аударған дүние — тарихқа қатысты тұсы. Қараханды ислам мемлекеті етіп құрып, «Алтын Орда» шариғатпен басқарылып, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» шариғат бойынша жазыпты-мыс...
Бұл жердегі ойдың түпкі мақсаты — шариғатпен өмір сүрсекті меңзейтін сияқты...
Ұлық ұлысты құрған Жошының баласы Бату хан мемлекетін атасының заңы Ясамен басқарды. Шыңғыстың тағы бір немересі Беркенің кезінде одан кейінгі бірнеше ханның кезінде ислам дініне көңіл бөлгені туралы деректер бар. Еуразия кеңістігін ен жайлаған әлемдік ең алып империялардың бірінің қысқа уақытта шариғатпен басқарылуы, қазіргідей заманауи коммуникация құралы жоқта ислам дінінің жылдам тарауы ақылға сыймайды. Тарихшылар толықтырар.
Онда шамамен 400 жылдан кейін Тәуке неге «Жеті жарғыны» қабылдайды?! Шариғатпен басқара бермей ме?!
Жә, ХҮІІ-ғасырда Әз-Тәукенің кезінде ішкі-сыртқы жағдайларға байланысты құқықтық реформа жасалғанын білеміз. Заң жинағында бірлі-жарымды шариғат тармақтары болуы мүмкін...
«Жеті жарғы» заңдар жинағының өзегі — «Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолы». Арғы жағы – Шыңғыс ханның Құрылтайда қабылдатқан Ясасы (Түркие мемлекеті заңды әлі күнге дейін «Яса» деп айтады).
Ал олардың түп бастауы — түркі мемлекеттерінің мыңдаған жылдардан бері келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім мен ережелер жинағы.
Жалпы Ұлы дала төсінде бабаларымыз құрған мемлекеттік басқарудың мыңдаған жылдық дәстүрі бар. Аталарымыз Ұлы далада көптеген империя мен мемлекеттер құрып, әлемдік өркениет пен мәдениетке өз үлестерің қосып жүргенде ислам діні әлі пайда болған жоқ еді...
Кеше ғана анабір молда сөзіміздің 70 пайызы араптікі, 30 орыстікі деді еш шіміркпестен. Енді сөзінен тайқып, жұртты ақымақ санап отыр…
Қай күні әнәубір әртіс жігіт аталарымыздың бәрін дін үшін соғысқан «жиһадшыл» қылып жіберіп еді.
Өткенде тағы біреу қазаққа қолға су құюды Дәуіт пайғамбардың баласы Сүлейменнен келген дәстүр деп көкіді.
«Дінді білмеген дымды білмейді», «салт-дәстүр діннен бастау алған»,-деген әңгімелер ашық айтылып жүр.
Қазір әнші-бишіге дейін уағызшы болып кетті ғой. Тағы бір сайқымазақтың «айналайын» деген сөздің мағынасын Қағбамен байланыстырып соғып отыр.
Қазір халық әлеуметтік желіге, тик-токқа не шықса, соған сенеді. Рас деп ойлайды. Орыстандыру саясатының озбыр саясатынан ауыр зардап шеккен тарихи жады мен сананы қайтадан қалпына келтіріп үлгермей баяу жатқанда мұндай үрдіс - араптандыру тіпті үлкен қауіп, жығылғанға жұдырық болып тұр.
Өз қағынан жеріген құландық саясаттың құлағы қылтияды. Сонда бұлардың меңзеуі — қазақ малдың соңында жабайы болып жүргенде дін келіп көзімізді ашып, адам етіпті.
Кеңес Одағының пропогандасы да біз сендерді адам қылдық, тарихтарың 1920 жылдан басталады деп оқытып, үйретін келді.
Кез келген елді отарлау үшін сенде тарих болған жоқ, мәдениет болған жоқ, біз адам қылдық деп пасық саясатпен баса беру ежелгі тәжірибе.
Дінге фанатизм керек жоқ. Барлық қазақ өзін мұсылман санайды. Дінді сендер айтпай-ақ қалай ұстауды біледі. Барлық дүниені діннің аясына тығуға тырысып, оны агрессивті түрде насихаттау өте қауіпті үрдіс... Бұл көбіне салафиттердің, раликалдардың пасық пиғылы.
Ұлттың жаны — тарихы, тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен болмысы, мақал-мәтелін бұрмалап, қадір-қасиетіне тіл тигізудің түбі жақсылыққа апармайды.
Шәкәрім атам «алдаған дін жамылған өңкей жүлік» деуші еді... Жүліктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп тұр.
Бабалар дінінің шеңберімен жүрсеңдер — тура жол сол!
Ержан Төлек