Ұстараның атасы - Кинг Кэмп Жиллетт

1360
Adyrna.kz Telegram

Американдық өнертапқыш. «The Gillette Company» корпорациясының алғашқы қожайыны. Жер шары халқын қауіпсіз, қолайлы ұстарамен қамтамасыз ете отырып, өзі мол табысқа кенелген кәсіпкер. 46 жасында кәсіпорын ашып, 49 жасында миллионер болған азамат.

Кинг Кэмп Жиллетт 1855 жылы 5-қаңтарда Висконсин штатындағы Фон-дю-Лак қалашығындағы швед отбасында дүниеге келеді. Кинг 4 жасқа толғанда олардың отбасы үлкен қаладан үлкен мүмкіндік іздеп, Чикагоға көшіп келеді.

Ата-анасы он саусағынан өнер тамған шебер, іскер жандар еді. Әкесі Джордж Жиллетт қолына түскен затты жонып жетілдіріп үйренгендіктен, темірден жасалған бұйымдар сататын дүкеннің иесі болды. Тағамның түр-түрін дайындайтын анасы Лемира Кэмп Жиллеттің рецептісі қазіргі заманға дейін АҚШ асханаларында қолданылып жүр.

Жаңа қоныстағы шаруалары дөңгелегенмен, 1871 жылы Чикаго қаласында тарихта аты қалған әйгілі өрт болып, әкесінің дүкені өртеніп кетеді. Дүкеннің күлге айналуы жанұяның тұрмысына ауыр тиеді.

Көп ұзамай Джордж мырза патент орталығына қызметке алынады, 17 жасар Кинг жергілікті кәсіпорындардың біріне коммивояжер (фирманың сауда өкілі) болып жұмысқа тұрады. Лемира ханымның «Ақ үйдің аспаз кітабы» атты еңбегі жарық көріп, кітаптың мол сатылымы отбасының тұрмысын қайта түзейді. Осы кезден бастап Кинг Кэмп Жиллеттің алдағы отыз жылы коммивояжер қызметінде өтеді. Тіс шұқығыштан сабынға дейінгі шаруашылық бұйымдарының бәрін сатумен айналысқан Кинг тек АҚШ-тың түкпір-түкпірін ғана емес, Еуропаның біраз елдерін де аралап, ысылған, иненің көзінен өтетін  маман болып пісіп жетіледі.

Өмірдегі жеке жетістіктеріне көңілі толмаған Кинг Кэмп Жиллетт өндірістік-ғылыми жаңалықтар ашып, бірнеше патент иеленді. Поршень іспетті су құбырының шүмегін бітейтін тығын, резеңкеден жасалған вентиль, екі электр өткізгішін ойлап тапқанымен, ол жаңалықтар Жиллеттің қолын қыруар ақшаға да, биік абыройға да жеткізбеді. Ол 1891 жылы жұмысын штопор мен бөтелке тығынын өндіретін «Baltimore Seal Company» фирмасына ауыстырады. Фирма қожайыны Уильям Пойнтер жаңа қызметкердің еңбекқорлығын, ізденісін, тапқырлығын жоғары бағалады. Қоғамға аса қажетті дүниені өмірге әкелуге құмар Кинг Жиллеттке жаңа жұмыс орнының тыныс-тіршілігі көп ой салды. Мына кәсіпорын бір рет ғана қолданылатын тығын өндіріп жатыр! Бөтелкеге кигізілген тығын бөтелке ашылған соң жарамсыз болып, қоқысқа лақтырылады. Бірақ сонда да тығынсыз бөтелкенің де, мына фирманың да ажары кірмейді. Тығын бір сәттік бұйым болса да компания мен тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған. Елдің қолайына жағу үшін мәңгілік генератор ойлап табам деп тыраштанудың қажеті жоқ екен. Бір мәрте болса да адамға абыройлы қызмет көрсетіп өтетін тауар тауып шығарсақ жеткілікті! Осы ой оның басында 1895 жылға дейін қайнап жүрді.

1895 жылы таңертең айнаның алдына келген Кинг Жиллетт күнделікті пайдаланып жүрген ұстарасының жүзі мұқалғанын байқайды. Кинг қолындағы ұстарасына бажайлап қарап, оған өмірінде бірінші рет шын ықыласпен назарын аударады. Жалғыз жүзді өткір пышағының түбі сапқа бекітіліпті. Ұстараның қымбат сабы әдемі өрнектермен, майда әшекей тастармен безендірілген демесең ежелгі Мысырда қолданылған көне ұстаралардың формасынан еш айырмашылығы жоқ. Жүзі мұқалған сайын жөндеу орталықтарындағы шарықшыларға апарып, ақша төлеп қайратып жүргенің... Ебедейсіз ұстарамен қырынам деп бетін тіліп алып жүргендер қаншама... «Мен бір секундта өзіме қойылған оншақты сұрақтың барлығына сол сәтте бірден жауап тауып үлгердім, – деп еске алады кейіннен Кинг Кэмп Жиллетт, – Менің көз алдыма болашақ ұстараның сұлбасы елестей бастады. Бұл рационалды ойлаудан емес, құштарлықтан туған жаңалық еді».

Жиллетт көп ойға берілместен қиялындағы жоспарын дереу іске асыруға кірісті. Алдын ала сызылған сызбаның желісі бойынша екі жиегі қайралған жұқа болат таспаның кесіндісін (лезвісі) қос пластиктің ортасына салып жабыстыра қыстырады. Келесі кезекте бұл үш бөлшек сұқ саусақтың көлеміндей кішкентай тұтқаға бекітіледі. Нәтижесінде Т әрпі пішіндес ұстара дүниеге келді. Енді ұстараның лезвісі мұқалса, кірлесе оны қайрамай-ақ, тазалаймай-ақ алып тастап, басқасын ауыстыра салуға болады. Кинг Жиллетт жаңа туындысын көргенде арқасынан жүк түскендей «уһ» деп бір дем алды. Алайда жұмысы ойдағыдай толық орындалмапты. Лезвіні дайындау қиынның қиыны екен. Лезві ұстараның алмалы-салмалы ұсақ бөлшегі болғандықтан, оның өзіндік құны төмен, бағасы арзан болу керек. Жұқа, нәзік, берік, сонымен қатар құны арзан болат темірге қажеттілік туды. Өз үйінде күні-түні тәжірибе жүргізіп, 25 мың долларын ізденіске шығындайды. Дәлдікпен жасалынбаған еңбек жемісін бермеді.

Кинг Жиллетт техника саласының маманы болмағандықтан, сол салада жүргендердің ақыл-кеңесіне жүгінуге мәжбүр болды. Ол есігін қаққан техникалық мамандар мұндай жұп-жұқа болат темір осы уақытқа дейін өндірілмегенін, ондайды дайындау мүмкін еместігін де айтып, оған бұл жұмысты тастауға кеңес береді. Егер Кинг Кэмп Жиллетт техникалық мамандықтың иесі болғанда, бастаған шаруасын аяқсыз қалдырып кетер еді, бірақ ол бұл іске әу баста рационалды ойлаумен емес, идеялық шабытпен келген еді. Сондықтан ұстарасының сызбасы сызылған қағаздары мен ұстарасының қолдан құрастырған үлгісін арқалап, ізденісін жалғастыра берді.

Талай ғылыми институттар мен өндіріс ошақтарының табалдырығын тоздырып, қолдаушы таппаған Кинг жергілікті ақылы зерттеу институттарының біріне барып, ұстараға лезві болуға жарайтын нәзік болат темірге лабораториялық тест жүргізуді сұрайды. Ондағылар тесттің ақысы ретінде 250 мың доллар талап еткенде Жиллеттің көңілі су сепкендей басылады. Бостон мен Нью-Йорктегі арнайы дүкендер мен металл шарықтайтын жөндеу орталықтары да үмітті ақтамады. Оның нәзік болат темірді қалай берік етуге болады, болат темір қандай температурада шыңдалады, лезві майырылып қалмас үшін қандай шараларды қолға алу керек деген сауалдары жауапсыз қалды. Массачусетс технологиялық институтына барғанда ондағы сарапшылар Кинг Жиллеттің сұрағына үнсіз ғана бастарын шайқап ишара жасады.

6 жылға созылған сандалыстан соң, оған Уильям Никерсон есімді жас химик кезігеді. Алғашқыда Никерсон немқұрайлылық танытқанымен, бірлесіп жасаған бірнеше тәжірибеден соң, оның қызығушылығы оянады. Не керек, осы күні әр талы екі қабат қағазға оралып, он талы кіп-кішкентай қорапқа сыйып кетіп, дүкендерде сатылып жатқан өткір лезвінің алғашқы үлгісі екі айдың ішінде дайындалып шығарылады. Бұл 1901 жыл еді. Патентке қол жеткізген соң, сол жылы 28-қыркүйекте «American Safety Razor Company» кәсіпорнын тіркеуден өткізіп, өндіріске қаржы құятын инвестор іздеуге көшеді. Өйткені екеуі де ақшасыз болатын. 1902 жылы компания аты «Gillette Safety Razor Company» болып өзгереді.  Сауда өкілі ретінде 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар Кинг Жиллетт бірнеше инвесторлардан азын-аулақ инвестиция алып салғанымен, онысы тез түгесіледі. Оған компаниясының 40% акциясын сатып, инвестиция тартуға тура келді. Акция сатудан түскен ақша 5000 долларды ғана құрағандықтан, Кинг Жиллетт жергілікті ірі сыра зауытының директоры Джон Джойсты 60 000 доллар инвестиция құюға көндіреді.

«Gillette» деп ат берілген ұстаралар 1903 жылдан бастап 5 долларлық бағамен нарыққа жол тартты. Ол заманда американдықтардың орташа жалақысы 60 долларға тең еді. Ұстара мен лезві салынған қораптың сыртына Кинг Кэмп Жиллеттің суреті басылады. Ұстара мен лезвілер өте көп мөлшерде шығарылғанымен, жарнама жұмыстары нашар жүргізілгендіктен, сол жылы бар-жоғы 51 ұстара мен 168 лезві ғана сатылады. Инвесторлар арасында дегбірсіздік туды. Ал Кингтің өзі тұрмысы қиындағандықтан, баяғы фирмасына сауда өкілі болып барып, ескі жұмысына қайта жегіледі.

Іссапармен Англияға аттанар алдында ол жеке компаниясының тағдырын шешетін бір келелі істі тындырады: қоймада сатылмай қалған ұстаралар мен лезвілердің жартысын тұрғындарға тегін таратып тастайды. Кейін Англиядан оралғанда жөңкіліп ұстара мен лезві іздеп жүрген тұтынушыларды көреді. Сөйтсе тегін үлестірілген тауарларды пайдаланып көргеннен соң, халықтың бұған дейін бейтаныс болып келген ұстараға деген көзқарасы күрт жақсарыпты. Жаңа өнімді елден ел естіп, Жиллеттің қысылтаяң шақта жасаған жомарттығы өзіне де, басқаға да игілігін сыйлады. «Gillette Safety Razor Company» кәсіпорны 1904 жылы 90 000 ұстара және 123 000 лезві сатып өткізеді. Компанияның сату көлемі 13 миллион долларға жуықтайды. Айналдырған үш жылдың ішінде миллионер болып шыға келген Кинг Кэмп Жиллетт маркетингтік саясатқа баса көңіл бөлді. Мәселен, ұстараларды тегін таратып, лезвіні өте мол көп қылып өндіреді. Қолдарына тегін ұстара тиген тұтынушылар оны пайдалану үшін дүкендердегі лезвілерді жаппай сатып алып жатты.

Коммерциялық мамандар «Ілмек пен жем» (қармақтың ұшына қатысты айтылған) деп ат қойған бұл маркетингтік әдіс-тәсіл бүгінгі күні жиі қолданылады. «Sony» корпорациясы «Play Station» ойын бағдарламаларын өзіндік құнынан төмен бағада сатқанымен, ойынға лицензия сату арқылы шығынды артығымен өтеп алады. Принтер мен көшірме машиналарын өндіруші корпорациялардың табысының негізгі бөлігі картридж бен бояу сатудан түсіп отырғаны белгілі. Бір рет ғана пайдаланылатын негізгі тауарды тегін немесе өте арзан бағаға өткізу арқылы көп рет қолданылатын қосымша тауарды қымбатырақ етіп молынан нарыққа шығару Кинг Жиллеттен қалған дәстүр болатын. Кинг мырзаның өзі айтпақшы «рынокты сатып алуға ақшаны аямау керек». Сонымен бірге ол патентінің мерзімін тағы 17 жылға создырады. Ұстара нарығына толық монополия орнатып, патентін рұқсатсыз пайдаланғандарды заңмен қудалайды. Жиллеттің компаниясы 1906 жылы Германия арқылы Еуропа рыногына жол ашады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында Кинг Жиллеттің компаниясының жұмысы жанданды. 1914 жылы АҚШ Қарулы Күштерінің бас штабымен арнайы коммерциялық келісімшарт жасап, жыл сайын 1 миллион ұстара мен 32 миллион лезвіні майданға жөнелтіп отырды. 1917 жылы бұл көрсеткіш еселеп өсіп, 3,5 миллион ұстара мен 120 миллион лезвіге ұлғайды. Соғыс аяқталған соң елге оралған жауынгерлер «Gillette»  ұстарасын ержүрек азаматтың гигиеналық аспабы ретінде бағалап, компанияның ұстараларына құрметпен қарап жүрді.

О баста патент бюросымен жасалған келісім бойынша 1921 жылы Кинг Кэмп Жиллеттің патентінің 20 жылға белгіленген мерзімі аяқталатын еді. Оның патентінің мерзімі аяқталған күннің ертесінде, басқа бәсекелестері Жиллеттің ұстарасы мен лезвісін өндіріп, нарыққа сатуға құқылы болды. Ол мерзімнің аяқталуына алты ай қалғанда ұстараның жаңа үлгісін дайындап, онын бағасын 1 доллар етіп белгілеп (бұрынғы үлгідегі ұстараның бағасы 5 доллар болатын), нарыққа таратып тастайды. Жаңа әрі арзан ұстарамен қауышқан тұтынушылар Кинг Жиллеттің компаниясына рекордтық пайда түсірді. Патент мезгілінің түгесілуін асыға күткен бәсекелестер Жиллеттікінен арзан ұстара шығара алмайтынын сезіп, онымен жарысқа түсуге жүрексінді. Брендке айналып үлгерген Кинг Жиллетт баға белгілеуді де өз пайдасына шешіп, ырықтандырып алды.

Кинг Кэмп Жиллеттің кәсіпкерліктен бөлек тағы бір қыры болды. Ол адамзат қоғамын гүлдендіруді қиялдады. Осы тақырыпта 1894 жылы  «Адамзат тенденциясы» деп аталатын кітап жазады (Ол бұдан басқа тағы екі кітаптың авторы). Америка көшелеріндегі ығы-жығы халықтан, бей-берекет жүрген көліктерден, қала ішіндегі қиқы-жиқы салынған өндіріс ошақтарынан, экологиялық лас орталардан шаршаған Кинг мырза кітабында әлемді басқарудың жаңа жүйесін ұсынады. Оның ойынша Америка халқы Ұлы Өзендер маңайында салынған ірі қалалар кешенінде – Метрополисте өмір сүруі керек. Миллиондаған тұрғындарға арнап  көп қабатты үйлер салынады және ол үйлер Ниагара сарқырамасынан өндірілген энергиямен қамтамасыз етілмек. Қоршаған ортаны  ластаушылар заң жүзінде жазаланып, ал әлеуметтік саясат акционерлік қоғам түрінде жүргізіледі. Қоғамның мүшелері бір-бірімен бәсекеге түспей, теңдей дивидент алып отырады. Бір сөзбен айтқанда, Кинг Кэмп Жиллетт утопиялық-урбанизациялық социализмге шалдыққан адам болды. Ол арманындағы Метрополисті Аризона штатына орнатуға ниеттенді. Ол 1910 жылы Америка президенті Теодор Рузвельтке 1 миллион долларлық айлық ұсынып, оны Аризона штатында тұрғызылатын Метрополиске президент болуға шақырады. Теодор Рузвельттің оған берген жауабы әлі күнге дейін тарихта айтылған тапқыр сөз болып есептеледі: «Ұсынысыңызға қарсы емеспін, бірақ мен жұртқа ұстара сатып, өзі мұртын алмайтын адамдардың сөзіне сеніңкірей бермеймін» деп сөздің аяғын қалжыңға айналдырып жіберіпті. Одан соң экс-президент Уильям Тафтқа қолқа салады. Бірақ ол да ұсыныстан бас тартады. Автомобиль магнаты Генри Фордқа ұсынысын жеткізгенде, сұхбаттың арты кикілжіңге ұласып, екі бизнесмен ренжісіп тарқайды.

Кинг Жиллетт бала күнінде бойына сіңген адамгершілігін қартайғанша жоғалтпады. Өмірінің соңына дейін сүйген жарына адал болып өтті. Жалғыз баласын компанияның директорлар кеңесінің мүшесі етіп бекітеді. Ат жарысы, яхта сайысы секілді ойын түрлеріне де қызығушылығы болмады. Ішімдік ішіп, қыз-қырқын қуатын әдеттен аулақ жүрді. Әлем елдеріне саяхаттау оның сүйікті ісі болды. Корпорацияның 25 жылдық мерекесінде «Норвегияның солтүстігінен Сахараға дейінгі аумақта «Gillette»  ұстарасының жиі кездесетінін» айтып ағынан жарылады. Шынында да, Кинг мырзаның суреті басылған ұстара қораптары оның тірі күнінде-ақ Антарктидадан басқа құрлықтардың бәріне тараған. Ол Аризона штатынан Метрополис тұрғызам деп құлшынып жүрген тұста, оның жеке байлығы 200 миллион долларға жеткен еді. Қолындағы қаржының біразын корпорация акцияларын инвесторларға сатудан түсірді. Компаниядағы үлесінің азаюына байланысты басшылық құрамнан да біртіндеп шеттетіледі. Әйткенмен, формальды түрде корпорацияның қожайыны болып саналды.

АҚШ басшылығы мен әріптестерін жаңаша тіршілік формасын құруға иландыра алмаған Кинг Жиллетт енді ол идеяны өзінің жеке өмірінде іске асыруға бел байлайды. Калифорния штатынан апельсин алқабын сатып алып, арнайы сәулетші жалдап, ол жерге  зәулім үй мен саябақ  тұрғызады.

Оның өмірінің соңғы кезеңі ұлы депрессия жылдарымен тұспа-тұс келеді. Кинг Кэмп Жиллеттің жоқтығын пайдаланып, директорлар кеңесі мен менеджерлер құйтұрқы саясат ұйымдастырып, оны компаниядағы қалған акцияларынан айырады. Қолындағы қаражатын жылжымайтын мүлік нарығына сәтсіз құйып, қаржысы экономикалық дағдарыс жылдарында түгел күйіп кетеді. Кинг Жиллетт мырза 1932 жылы 9-шілдеде апельсин алқабындағы үйінде 77 жасқа жетіп қайтыс болады.

Түйін

Егер жүз жыл бұрын шығарылған автомобиль мен осы күні шығарылған автомобильді және алғашқы телефон үлгісі мен қазір қолданыста жүрген телефонды қатар қойып салыстырар болсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Ал пішіні Т әрпіне ұқсас ұстаралардың алғашқы нұсқасы мен соңғы нұсқасын салыстырсақ көп өзгешелік таба алмаймыз. Компьютеризация мен электроника дамып, қырыну құралдары жан-жақты жетілдірілсе де, токпен жұмыс істейтін ұстаралар көптеп шықса да, олар Кинг Кэмп Жиллетт ұсынған үлгідегі ұстараларды нарықтан әлі ығыстыра алмай отыр.

Асыл Абай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер