Көкшетау қаласы 2 млн 520 мың теңгеге "тірі раушан гүл" сатып алмақ

553
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімі 2 млн 520 мың теңгеге гүл сатып алуға тендер жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімі 13 қыркүйек күні "Тірі раушан гүлдер" деген тақырыппен тендер жариялаған. Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы 20 қыркүйек күні анықталады. Техникалық сипаттамада сатылып алынатын гүлдердің голланд раушаны болуы, ұзындығы 1 метрден, қауызының диаметрі 12 см-ден кем болмауы керектігі көрсетілген. Сондай-ақ гүлдердің түстері тапсырыс берушінің өтініші бойынша әкелінетіні, гүл бүршіктерінің сыртқы зақымдалуына жол берілмейтіні, алдын ала өтінім негізінде өнім беруші гүлді уақытында жеткізуге тиіс екені жазылған. Бірақ, техникалық сипаттамада мұндай көп көлемді гүлдің қалалық ішкі саясат бөліміне неге қажет болып отырғаны айтылмаған.

Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімі 2 млн 520 мың теңгеге 1800 дана (әр данасы 1400 теңге) гүлді не істемек? Мемлекет сатып алу құжаттарында жұмыс мерзімі қыркүйек-желтоқсан айларының арасы деп көрсетілген. Біздің білуімізше, алда гүл сыйлауға болатын екі-ақ мемлекеттік мереке бар. Олар: 25 қазан - Республика күні, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні. Сол екі мерекеде қаланың ішкі саясат бөлімі 1800 адамға гүл таратуы мүмкін бе?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Абай Асыл

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер