Майқайыңдағы апат. Қаза болған құтқарушының отбасы 120 млн теңге өндіріп алды

1187
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Павлодар облысы Майқайыңалтын кен орнында опат болған құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды. Бұл туралы кеше, 5 қыркүйек сот үкімі шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетсек, биыл 4 қаңтарда "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен еді.

Қаза тапқандар — "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС қызметкерлері.

Осы факті бойынша құрамында Төтенше жағдайлар министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі, мемлекеттік еңбек инспекторы, "Майқайыңалтын" АҚ, "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС-нен құралған комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі — 100%, жұмыскерлердің кінәсі мүлде жоқ екені анықталды.

Қайтыс болған құтқарушы Т-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі марқұмның қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залал өтеуді талап етіп сотқа жүгінді.

Моральдық зиян олардың ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр.

Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 млн теңге моральдық зиян өндірді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

 

Пікірлер