Садықовтың не себепті мандатынан айырылғаны белгілі болды

1341
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

«Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев депутат Асқар Садықовты партиядан шығаруға қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол Азат Telegram каналында жазба жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Азат Перуашевтің айтуынша, Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен.

«Асқар Садықовтың партиядан шығарылғаны жөнінде журналистердің толассыз сұрақтарына түсініктеме бере кетейін. Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын. Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған)», - деп жазды Перуашев.

Фото: әлеуметтік желіден

Арызданушы 17 сәуірде оның қорлаған ұсыныстарына жауап бермегенін, 15 мамырда бұл әрекеттер қайталанғанын алға тартқан. Оның айтуынша, экс-депутат бірнеше рет жыныстық бопсалауға барған. Алайда оның депутаттық қол сұғылмаушылығы салдарынан жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгіне алмаған..

«Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде А.Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін» айтты. Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал, А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді. Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Көріп отырғандарыңыздай, өте лас жағдай орын алған. Біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқым жоқ еді. Алайда, біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, "шындық" үшін жазым болғандай қылып жеткізген А. Садықов та соған себепші. Бұл "шындықтың" да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып А. Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде, бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін», - деп жазды Азат Перуашев.

Айта кетсек, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі Ұлттық кеңесінің 2024 жылғы 1 шілдедегі №1 қаулыcының қабылдануына байланысты Асқар Садықов Парламент Мәжілісінің депутаты өкілеттігін жоғалтты деп танылған.

Пікірлер