Прокуратура Алматы облысында істі болған аудан әкіміне қатысты мән-жайды жариялады

1119
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөзден
фото: ашық дереккөзден

Прокуратура Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайын анықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Алматы облысының прокуратурасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан полигонның қызметін бірлесіп тексеруді аяқтады. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылғы 3 қыркүйекте аудан әкімі Қарасаев Б.А. сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес ұсталды. Оған кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған және мемлекеттік мүддеге зиян келтірген деген айып тағылды», - деп хабарлады сәрсенбіде Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны атап өтілді.

«2024 жылдың 4 қыркүйегінде прокуратура бұлтартпау шарасын қолдану үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жіберді», - деп толықтырды қадағалау органы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарасаевтың ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Қарасаев 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Іле ауданына басшылыққа келді. Оған дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, Талдықорған қаласының әкімі болды, облыстық аппаратты басқарды.

 

Пікірлер