Ақтөбе облысында мектепте туындаған жанжалдан кейін 9-сынып оқушысы көз жұмды. Ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып, 2 адам күдікті ретінде қамалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Полиция департаментінің дерегінше, жасөспірімдер арасындағы төбелес 2 қыркүйек күні түнде Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қопа ауылында тіркелді.
Төбелес салдарынан жан тапсырған оқушы қазан айында 15 жасқа толатын еді. Марқұмның туыстары әзірге ешқандай пікір білдіре алмайтынын, тергеу амалдарының нәтижесін күтетінін айтты. Темір ауданы әкімдігінің айтуынша, жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Оқиғадан кейін 18 бала аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
“Жасөспірімдер арасында бір-бірімен келіспеушілік болды. Мән-жай тергеу кезінде анықталады. Кеше ата-аналарымен бірге 18 баланы мектеп автобусымен аудандық полиция бөлімшесіне алып келдік. Қазір әрқайсысынан жауап алып жатыр. Қалай болғаны әзірге белгісіз. Ол жердің балаларының бәрі тату, алдыңғы қатардағы ауыл еді. Балалардың бәрі спортқа жақын, волейбол, футбол, теннис ойындарына белсене қатысатын”, – деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқыс оқиғадан кейін зерделеу жұмыстарының күшейгенін хабарлайды.
“Темір ауданы, Қопа ауылында кәмелетке толмаған оқушылар арасында төбелес болып, 9-сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды. Оқыс оқиға бойынша Қопа ауылына білім басқармасы басшысының орынбасары жетекшілігімен жұмыс тобы жетіп, зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Жұмыс тобының құрамында Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды”, – деп хабарлайды білім басқармасы.
Ақтөбе облыстық ПД оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалғанын және екі күдікті қамауға алынғанын жеткізді.
“Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша Темір ауданы полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушысы анықталып, полицияға жеткізілді. Екі күдікті ұсталды. Тергеу әрекеттері жүргізілді. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды”, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.