Ажал терезесі. Баланы құлаудан сақтайтын темір тор орнату қиын ба?

1639
Adyrna.kz Telegram

Биыл балалардың терезеден құлауы бұрынғыдан жиілеп кетті. Терезеге темір тор орнатуды пәтерден пәтерге ауысып жүрген адамдардың қалтасы көтере бермейді. Ал москитті тор қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Терезе орнатумен айналысатын шебер темір тордың бағасы шамамен қанша тұратынын айтты. Әлбетте, елдің әр аймағында баға әртүрлі болуы мүмкін. 

Жыл сайын ашық қалған терезеден құлайтын балалардың саны артып келеді. 2020 жылы осындай оқиға бойынша 105 бала тіркелген болса, былтыр 170 сәби терезеден құлаған. Ал, биыл жыл басынан бері ересектердің қарауынсыз қалған 120-дан астам бала жазатайым оқиғаға душар болды. Олардың ішінде оқиға орнында бірден қайтыс болғандар да, ауыр жарақат алып зардап шеккендер де бар. 

Төтенше жағдайлар министрлігі көп қабатты үйлердің тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, терезені ашық қалдырмауды ескертіп әлек. Бірақ бұдан нәтиже бар ма? Қайтсек баланы құлаудан аман сақтай аламыз?

ТЕРЕЗЕГЕ ТЕМІР ТОР ОРНАТУДЫ МІНДЕТТЕУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Өзінің жекеменшік пәтерінде тұратын ата-ана үшін терезеге тор, арнайы блокиратор қойып,  қауіпсіздік құралдарын орнату тиімді. Ал, өзгенің үйін жалдап тұратын ата-аналардың қалтасы басқа үйге көшкен сайын баланың қауіпсіздігін сатып алуға ақшасы жете ме? 

Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Алтынай ханым әр үйге көшкенде қауіпсіздік құралдарын алу қаржылай қиындықтар тудырады дейді. Ол – пәтерден  пәтерге көшудің қиындығын өткерген адамдардың бірі.

 - Пәтеріміз төртінші қабатта орналасқан. Біз жалға алған уақытта терезеде баланы құлаудан сақтайтын ешқандай жабдық болмады. Оның үстіне бөлме тар болғандықтан терезе алдына диван қоюымызға тура келді. Екі балам терезеге оңай шыға алатын болды, сол үшін темір тор орнаттық. Көпқабатты тұрғын үйлерді қолданысқа берерде баланың қауіпсіздігі ескерілсе, жақсы болар еді, - дейді Алтынай ханым.

Ол құрылыс жүргізгендерді терезеге темір тор орнатуға міндеттеген жөн деп санайды. 

ҚАУІПСІЗДІК ҚҰЛЫПТАРЫ ЖӘНЕ ТЕМІР ТОР

Төтенше жағдай саласының мамандары әуелі баланы ересектердің қарауынсыз қалдырмау керек дейді. Сондай-ақ, бақылаусыз қалған бала терезеге шыға алмас үшін терезе маңына жиһаздарды қоюға болмайды.

 - Ата-аналар москитты тор болғандықтан бала құламайды деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Жәндіктерден қорғайтын сеткалардың ешқайсысы баланы аман сақтап қала алмайды. Олар баланы қорғауға арналмағандықтан торға сүйенген бала онымен бірге құлап кетеді. Тек терезе тұтқасына орнатылған қауіпсіздік құлыптары мен темір торлар көмектесе алады. Тұтқаға қауіпсіздік құлпын немесе фиксатор орнатып, кілттеп қойса бала аша алмайды - дейді Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискова. 

ҚҰЛАУДАН САҚТАЙТЫН ҚҰРАЛ ӨРТ СӨНДІРУГЕ КЕДЕРГІ МЕ?

Маман айтқан қауіпсіздік құралдарының сан түрі бар. Сапасына қарай бағасы да әр алуан. Мәселен, фиксатордың ең арзаны 1000 теңгеден басталады. Ал, терезе тұтқасына орнатылатын қауіпсіздік құлыптарының бағасы 2000-15 000 теңге аралығында.

10 жылдан бері терезе саласымен айналысып жүрген жеке кәсіпкер Бақытжан Молсаков терезе тұтқасына трос арқылы орнатылған құлыптарды балалар оңай жұлып алады дейді. 

- Негізі көпқабатты тұрғын үйлерге металлопластиктен жасалған яғни ортасына металл салынған терезе орнату қажет. Құрылыс жүрігзгендер оны ескермегендіктен, қазіргі тұрғын үйлердің терезелерінде темір болмайды. Темір болмағандықтан тросты балалар оңай жұлып алады, - дейді Бақытжан Молсаков. 

Бала өмірін сақтауға арналған қауіпсіздік құралының тағы бір түрі – темірден жасалған тор. Мұндай темір тордың бағасы терезе көлеміне байланысты. 15 000 теңгеден басталып 75 000 теңгеге дейін жетеді. 

- Алюминий, пластиктен тор салдыратын ата-аналар бар. Бірақ, оны балалар майыстырып тастайды. Ал темір торлар дәнекермен бекітілмейді, өрт болған жағдайда жедел алып тастауға болады. Балалардың күші жетпейді, ересек адам ала алады, - дейді Бақытжан Молсаков.

2018 жылдың 26 маусымынан бастап құрылыс жүргізетін компаниялар жаңа ғимараттарды терезелерінде блокиратор немесе қауіпсіздік құлыптарымен тапсыруға міндетті. Норма Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының № 131-НҚ бұйрығымен бекітілген. Бірақ, бұрын пайдалануға берілген ғимараттар нормаға сәйкес келмейді. 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер