Жалған ақпаратқа тосқауыл қою үшін не істемек керек?

4716
Adyrna.kz Telegram
Фото: el.kz
Фото: el.kz

Ақпараттық технологиялар дамып, ғаламтор қолданысқа енгелі жалған ақпарат пен ақиқат хабардың ұлы күресі басталды. Ол күрестің басты алаңы әлеуметтік желілер болып отыр. Сол әлеуметтік желілердегі ақпараттың көптігі сонша шындық пен өтіріктің аражігін ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Бұл үрдіс дәстүрлі журналистика мен азаматтық журналистиканың арасын алшақтатып жібергендей көрінеді. Бүгінгі таңда қоғам кәсіби журналистердің ресми органдардың мәліметін негізге ала отырып, арнайы мамандардың пікіріне сүйеніп, дерекпен тарататын ақпаратынан гөрі, азаматтық журналистика өкілі саналатын блогерлердің бір сәттік сенсациясының арбауына түсіп қалуы белең алып барады. Сенсация қуып, резонанс жасауға құмар азаматтық журналистика өкілдері қоғамды өз ырқына бағындырып алды? Мұның соңы неге апарады? Талдап көрелік...

Қазір әркімнің қолында бір-бірден телефон бар. Кез келген жерде, кез келген оқиғаны таспаға түсіріп, өз ойыңды, өз пікіріңді айтып, әлеуметтік желіге жүктей салу үшін көп ақылдың қажеті шамалы. Демек "Ол оқиғаның қоғамдық санаға әсері қандай?", "Мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтірмей ме?, "Идеологиялық тұрғыда бұқара санасына қатер төндірмей ме?", "Адамның жеке бас құқықтарын аяққа таптамай ма?" деген секілді журналистиканың басты сұрақтарына жауап іздемей-ақ ақпарат жалпы халыққа тарап кетеді деген сөз. Яғни, мемлекеттің жоғарыдан төменге бағыттаған ресми мәліметтерінен гөрі, азаматтық журналистика өкілдерінің төменнен жоғарыға бағыттаған шулы-даулы ақпараты әлеуметтік желіні тоқтаусыз кезетін, оны саралап, сараптап, дәл бағалай алмайтын заман туды. Соның салдарынан мемлекеттік мекемелер, басшылар, әртүрлі сала қызметкерлері негізгі жұмысын әлеуметтік желіде шу туғызып алмау үшін жасайтын болды.

Мұның жақсы жағы жоқ дей алмаймыз. Қоғамдық сананың оянуы, әр азаматтың қолда бар ақпараттарды негізге ала отырып әлеуметтік желінің күшімен құқығын талап етуі талай игі істердің бастамашысы болып, ой-пікір еркіндігіне даңғыл жол ашуда.  Әлеуметтік желілердегі ойыңды цензурасыз айту мүмкіндігі еліміздегі демократиялық құндылықтардың дамуына да өз үлесін қосуда. Бүгінгі күні кез келген азамат интернет деген мінбер арқылы ақпаратты өзі жарата алады, өзі тарата алады. Осылайша қоғамдық проблема көтеріп, елімізде қаншама олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туып отыр. Әлеуметтік желінің күшімен шалыс басқанды тұрғызып, қиыс кеткенді түзу жолға салу, асқанға тосқауыл қою - қоғамға берілген зор мүмкіндік. Десе де, сол мүмкіндікті дұрыс пайдала алып отырмыз ба?

Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен әлеуметтік желіде бір проблема көтеріп, жеңіске жеткен азаматтық журналистика өкілінің ішкі психологиялық күйін ғылыми тұрғыда талдау жасау керек сияқты. Мысалы, бір азамат қолына түскен ақпарат арқылы әділетке жетті делік. Сол сәттегі елдің қолдауы мен қошеметі, оқырман мен көрерменнің жаппай ықылас танытуы, жұрттың назарының бір өзіне аууы әлгі блогердің тағы да белсенділігін арттырары сөзсіз. Ол азамат сөзсіз тағы да елді дүр еткізетін оқиға, ақпарат іздеудің жолына түседі. Ниеті бастапқыдай проблеманы көрсетуге емес, өзіне сенім артқан көпшіліктің көңілінен шығуды көздейді. Ақырында ол елді аузына қаратып, жалаңтөс батырырдың образын, тұлғасын сомдауға бейілді болып шыға келеді.  Мұның соңы жалаң сенсацияға ұласпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі болмашы бір ақпаратты қару етіп, қолындағы телефонның камерасымен жасқап, ресми органдардың қызметкерлерін қорқытатындардың көбі азаматтық журналистикаға осындай ниетпен келгендер. Жеке абырой, жеке мүдде жолында қоғам санасынын манипуляциялап, жалған ақпараттың жалына жармасудың соңы заң алдында жауап беруге барып тіреледі.

Заңгерлер жалған ақпаратты анықтаудың тым қиын екенін айтады. Олардың болжауынша біздің заңдық органдар бір ақпарат елді елеңдетіп, қоғамға дүмпу туғызғаннан соң әлгі ақпараттың қайнар көзін іздеп, шын-өтірігін анықтауды бастайды. Жалған ақпарат көпке тарап, ел оған сеніп қалғаннан кейін  ғана қылмыстық іс қозғалады. Ақпараттың қоғамға, азаматтарға тигізген зарары есепке алынып, сол негізде заңдық жауапкершілікке тартылады. Демек, бүгінгі қоғамның санасын жалған ақпараттан құтқарып қалу мүмкіндігі өте төмен деген сөз.  Сенсация туғызған материалдар сүзігіден өткенімен, дін, тін, діл, идеологиялық тұрғыдағы түрлі ақпараттың қоғамды еркін кезіп жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, оның зардабын алдағы онжылдықтарда тартуымыз мүмкін екені тағы бар. Бұл орайда  "Жалған, я жалғаншыл ақпараттың таралуына қалай тосқауыл қоюға болады? деген сұрақ өздігінен туады.  Біздің ойымызша, оның жолы тым қарапайым. Әр азамат сақтық жолды өзінен бастауы керек.

Біріншіден, әлеуметтік желіден көзіңіз шалған ақпаратты жаппай бөліспес бұрын, ол ақпараттың нақты және шынайы екеніне көз жеткізуге тиіссіз. Қандай күрделі мәселе болмасын, көңілге күмән туғызатын, сенімсіз ақпарат болса, оны таратудан, я әлеуметтік желіде көшіріп жариялаудан аулақ болғаныңыз жөн. Мәселен, әлдебір парақшадан бір материалды көшіріп бастыңыз делік. Алғаш болып ақпаратты жариялаған адам оны өшіріп тастаса, оның жауапкершілігі сіздің мойыныңызға жүктелуі әбден мүмкін. Яғни, ақпарат жеткізушінің эмоцияға толы сөздеріне арбалып қалмай, ақпараттың ақиқаттығына  көз жеткізгенней кейін ғана оны таратуға болады. Бұл өз кезегінде жалған ақпараттың кең таралуына тосқауыл қояры сөзсіз.

Екіншіден, қоғамның кез келген өкілі  "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" деген ұғымды жадынан шығармағаны жөн.  Егер әлдебір ақпараттың жалған екеніне көзіңіз жетіп тұрса, оның өтіріктігі туралы дәлеліңізді жазуыңыз керек. Әр адамның осындай белсенділігінің арқасында ғана вирустық ақпараттан қорғануға жол ашылады. Яғни, әлдебір жазбаның немесе мәлімдеменің қате екенін білсеңіз, әлеуметтік желі арқылы шағымданыңыз.

Бұл орайда кез келген азамат "Ақпараттың растығын қалай тексеруге болады?" деген сұрақ қояры сөзсіз. Ол сұраққа жауап табу үшін төмендегі фактілерге назар аударыңыз...

Біріншіден, әр ақпарат тұтынушы ақпараттың қандай дереккөзден алынғанын тексеруі керек. Күмәнді ақпаратты таратпас бұрын оның түп-нұсқа дереккөзін тауып, оның сенімді-сенімсіздігіне ақылмен көз жеткізуі керек. Екіншіден, ақпараттың қоғамға әсері мен маңыздылығын түсініп қана қоймай, оның жарияланған күнін  де тексеру керек. Көп жағдайда азаматтар ақпараттың ескіріп-ескірмегенін тексермейді. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиғалар бүгін ғана болғандай әлеуметтік желіні кезіп жүреді. Мұның соңы ескірген фактілердің күн тәртібіне қайта тақырып болуына әкеледі. Бұлай болмас үшін дереккөзді зерттегенде оқиғаның орнын, мерзімін, уақытын назардан тыс қалдырмаңыз. Үшіншіден, ақпаратты бөліспес бұрын ол туралы басқа дереккөздердің не деп жатқанын шола салудың артықтығы жоқ. Төртіншіден, қазір көптеген сайттар оқырман тарту үшін мақалаға түрлі шулы тақырыптарды қойып жатады. Сол тақырыптағы "өтірікке" бола ой-түйіп, қоғам санасын басқа арнаға бұрып жіберетін оқиғалар көбейіп кетті. Демек, шулы тақырыпқа еріп, жалған ақпарат таратушы болудан сақтаныңыз!

Түйін

Жалған ақпаратқа қоғамның өзі тосқауыл қойып үйренбесе, апатты, төтенше жағдайлар немесе саяси оқиғалар кезінде оның зарарын мемлекетіміз тартуы әбден мүмкін. Төтенше оқиға сәтінде әлеуметтік желілерде түрлі  жалған хабарламалар өртей лаулап тез таралатыны ақиқат.  Мұндайда арандатушылар да қарап қалмай, ұрымтал тұстан "ұрары" сөзсіз. Сондықтан да, кез келген оқиғаға салқынқанды баға беретін сана қалыптастыруымыз керек. Ақпарат тұтынушы да, ақпарат таратушы да шындыққа арқасын сүйемей жалған ақпаратқа тосқауыл қоя алмаймыз!

Асыл Абай

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер