Home » Айдарлар » Қоғам » Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ: Билік енді арыстықтарды алдап-сулауға көшті

Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ: Билік енді арыстықтарды алдап-сулауға көшті

Арыстағы апаттан кейін Арыс әкімінен бастап, облыс әкімі де, үкімет те, Президент те арыстықтарға үйлерін қайта салып беруге, халықтың көңілі толғанша барлық жағдайын жасауға уәде берген еді.
Енді барынша халықты алдап-сулауға көшкен сыңайлы. “О баста үйлерің сапасыз салынған… саман үйлерің қираса, өздерің кінәлісіңдер… қора-жай туралы ауыз да ашпаңдар…” деп бар кінәні халықтың өзіне аударуға тырысып бағуда.
Арық сөйлеп, семіз шыққан жақсы ғой…
Қам қыш па, лай кірпіш пе, күйген кірпіш пе – жеке мүлікті қиратқан адам қалпына келтіруге міндетті. Бұл орайда мемлекеттің – жауапты қызметкерлердің салғырттығынан 45 мың халық үйлерін тастап, босып кетті. Денсаулықтарына да, жеке мүліктеріне де орасан зор зиян келді. Енді соның бәрінің де өтеуі болу керек. Және бір емес, 4 рет осындай оқиға болғандықтан, одан бөлек, жоспарлы, залалсыздандыру мақсатында жиі болып тұратын жарылыстар да белгілі бір мөлшерде халыққа моральдық, психологиялық, материалдық шығын келтіретінін ескеруіміз керек. “Әр жарылыс болған сайын жүрегіміз суылдап, балаларымыз “соғыс басталды, апа, қашайық…” дейді, жарылыстан жер сілкінісі болады, үйлердің терезелері сықырлап, люстралар теңселеді, әр жарылыс болған сайын үйіміздің қабырғаларына жарық сызық түседі…” дейді. Яғни, “о бастан үйің саманнан салынған, сапасыз салынған” деп сылтауратпай, халқына 21 ғасырға сай үй салып беру биліктің міндеті. Халық қайбір жетіскеннен салады саман үйді? Жоқтықтан салады. Ал халықтың 30 жыл бойы еңсесін көтере алмай, жоқшылыққа душар болуына ең алдымен кім кінәлі? Жауабы белгілі… Сондықтан халық алдында билік өз қателігін өзі түзетуге тиісті.

 

 

Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қазақстан қартстанға айналды

Олай демеске енді не қалды? Әуелі, Астанадағы кезекті кездесудің жайын айтайық, содан ұғынықты бола жатар… ...