Қосанов: Назарбаев өмірден өтсе, біздегі жағдай қандай болмақ?

11838

Көрші Қырғызстанда қазіргі президент пен бұрынғы президент арасындағы талас атыс-шабысқа ұласып кетті: Атамбаевты тұтқындау жөніндегі арнайы операция басталды. Тікелей эфирге қарасақ, қан төгіліп жатқан сыңайлы!

Алатаудың ар жағындағы екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жатқанының себептері белгілі. Тоқсан ауыз себептің тобықтай түйіні – осы соғыстың негізінде билік пен байлық жатыр. Кез келген жүйеде осы екі құндылық бір-бірімен астарласып жататыны белгілі. Мойындау керек, демократиялық деген елдерге де бұл жат құбылыс емес.

Осы оқиғаның өрбуіне қарап, көз алдыма Қазақстанды елестетемін.

Бүгінде билікке таласқан кландар арасындағы тепе-теңдіктің формальды кепілі болып отырған Назарбаев өмірден өтсе, біздегі жағдай қандай болмақ?

Бұрын да айтып жүрмін, қазір де қайталайын: бізде бір-біріне жұлдызы қарсы, бір-бірін атарға оқ таба алмай отырған, бес қаруы сай, яғни билікке қол жеткізуге қажет барлық инфрақұрылымы (капитал, меншік, мүлік, бизнес, банк, БАҚ, қоғамдық құрылымдар және адами ресурс) бес-алты клан бар. Әрқайсысы – «сен тұр, мен атайын»!

Ертеңгі күні, жеме-жемге келгенде сол «атайын» дегендері нақты іске, атысқа ұласып кетуі әбден мүмкін! Тақ таласы жолында азуын Айға білеген олар, қажет болса, демократиялық ұрандарды көтеріп, саяси күрестің барлық мүмкіндіктеріне қарулы қарсыластық секілді әдіс-тәсілді қосуы ықтимал!

Ол үшін не істеу керек?

Екі ғана жол бар.

Біріншіден, Қырғызстанда қолға алынғандай (Украина да сол жолға түсейін деп жатыр) президент, басқа да лауазымды тұлғалардың иммунитетін жою керек. Сонда ғана олар халық пен тарих алдындағы жауапкершілікті ұмытпайды, ақырын жүріп, анық басады. Ертеңгі күні жауапқа тартылатындай қылмысқа бармайды.

Екіншіден, бір президент өзіне дейінгі президенттен өшін алып, жеке бас кегін қайтармауы үшін бізге тұлғалық емес, ұжымдық түрдегі кепілдік керек. Оның аты – көппартиялы әрі атқарушы билікке (президентке де!) тәуелді болмайтын Парламент! Атыс-шабыс емес, айтыс-тартыс сол парламенттің ішінде жұріп жатсын.

Сонда ғана енді ғана басталып жатқан транзит кезінде еліміздің Тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қала аламыз!

 

 

Әміржан ҚОСАНОВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер