Гүлнар Салықбайдың журналистерге ескертулері

359

ГҮЛНӘР САЛЫҚБАЙдың ескертулері (біздің де көкейімізде жүрген түйткілдер): журналистер, есте ұстаңыздар!
1. «Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл қате.
2. «-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, көсемшенің «-а, -е, -й» жұрнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл сауатсыздық.
3. Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы.
4.Соңғы кезде «сәйкесінше» деген бір сөз шықты. Бұл да орыстың «соответственно» деген сөзінің тікелей аудармасы.
5.«Ойымен, пікірімен бөлісті». Дұрыс емес. «Ой бөлісті, пікір алысты» деу керек.
6.Ас+паз. «Паз» - зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ. «Ас» түбіріне «паз» жалғанған соң сөздің мағынасы өзгеріп, «ас пісіретін адам» деген мағына беріп тұр. Ал біз «аспазшы» деп жүрміз.
7.Қазір әйелдер «нәзік жандыларға» «айналып» кетті. Бұл да - калька, орыстың «представители слабого пола» дегенінен шығарып алған сөзіміз. Қазақтың әп-әдемі «қыз-келіншектер», «бойжеткендер», «әйелдер» деген сөздері бар ғой.
8.«Сәттілік!». Бұл да – орыстың «удачи!» деген сөзінің тікелей аудармасы. «Сәттілік тілеймін!» деу керек.
9. «Орын алды». Соңғы кезде «болды» деген сөздің орнын осы тіркес «тартып алды». Бұл да орыстың «имеет место» деген сөз тіркесінің сәтсіз аудармасы.
10. «Менің үлесім осы қаржының ..... пайызын құрайды». Бұл да - орыстың «составляет ... процентов» деген тіркесінің көшірмесі. Мұны «Осы қаржының ... пайызы – менің үлесім» десе, қазақы, өте сауатты сөйлем болар еді.
11. «Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер