Өзбекстан алғаш рет НАТО стандарттарына сәйкес БТР жасап шығарды

1217
Adyrna.kz Telegram
фото: Өзбекстан қорғаныс министрлігінің видеосынан алынды
фото: Өзбекстан қорғаныс министрлігінің видеосынан алынды

Өзбекстан бірінші отандық «Арслон» атауымен бронетранспортер (БТР) жасап шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы «Өзбекстан 24» телеарнасы мен Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БТР-ды Krantas Group жеке компаниясы құрастырған. Жабдық НАТО стандарттарына сәйкес жасалған.

БТР қауіпті аймақтарда арнайы тапсырмаларды орындайтын 11 адамға дейін (үш экипаж мүшесі және сегіз десантшы) жеке құрамды тасымалдауға арналған әскери көлік. Оның салмағы 32 тоннадан 35 тоннаға дейін болады. Алдыңғы бөлігі қорғаныстың максимум, алтыншы класы бойынша, бүйірлік және артқы бөліктер - төртінші класы бойынша жасалған. БТР 30 мм зеңбірекпен және 7,62 мм пулеметпен жабдықталған, минадан қорғану тротил эквивалентінде 10 кг-ды құрайды.

«Арслон» заманауи ұрыс модуліне ие, күндіз де, түнде де кез келген климаттық жағдайларда жауынгерлік тапсырмаларды орындай алады, алыс және жақын қашықтықтағы нысанаға дәл тигізуде атыс қолдауын қамтамасыз етеді.

Жақын арада Өзбекстан қарулы күштеріне «Арслон» бронетранспортері жеткізіледі. Армия сонымен қатар жеке құрамды тасымалдауға және қауіпті аймақтарда арнайы тапсырмаларды орындауға арналған жеңіл броньды Тарлон-М көлігінің төртінші нұсқасын алады.

«Тарлон-М» мобильді топтарды, бақылау-өткізу пункттері мен жауынгерлік патрульдерді атыспен қамтамасыз ету, әскерлер мен автокөлік колонналарын жауынгерлік қорғау, экипаж бен әскерлерді атыс қаруынан қорғау үшін қолданылады.

Пікірлер