Арыс апаты кезінде жараланған сегіз жасар Аян Шәріпбек бүгін қайтыс болды

4120
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде жараланған үш адамның бірі сегіз жасар Аян Шәріпбек қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа баланың әкесі Ербол Шәріпбек хабарлады.

Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қалалық № 2 балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан баланың дәрігері Айдын Нұртасұлының сөзінше, Аянның жүрегі 2 тамызда таңертең тоқтаған.

24 маусымда Арыстағы қару қоймасында жарылыс болып, адамдарды эвакуациялап жатқан кезде 8 жасар Аян Шәріпбекті көлік қағып кетіп, басы жарақаттанған еді. Бүлдіршінді 28 маусымда санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына шұғыл жеткізген. Дәрігерлер операция жасап, шетелден дәрігерлер шақыртылған.

Әкесі Ербол Шәріпбектің сөзінше, үйдің кенжесі Аян зерек әрі пысық бала болған. Бұған дейін Азаттыққа берген сұқбатында Ербол Шәріпбек Арыс қаласындағы жедел жәрдемнің ұлына дер кезінде көмек көрсетпегенін айтқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам қаза тапқан. Оның бірі - бейбіт тұрғын, екеуі - әскери қызметкер. Жарылыстан соң 400-ден астам азамат дәрігер көмегіне жүгінген. Тағы 80 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма өртеніп, арты ірі жарылысқа ұласқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрілердің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын-үйлердің басым бөлігі бүлінген. Бұған дейін билік Арысты қалыпқа келтіруге 34,5 млрд теңге қажет екенін, әр тұрғынға 100 мың теңге берілетінін мәлімдеген.

Дереккөз: azattyq.org

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер