Алымның арты не болды? Автобазардағы әләуләйлім мен хәләуләйлім

1801
Adyrna.kz Telegram

Билік утилизациялық алым доғарылмайтынын жариялауы автонарыққа қаншалықты әсер етті? Жүрілген көліктер бағасы қалай құбылды? Көлік сатушылар бағаны нарыққа қарай белгілегенін айтса, көпшілік оны сынады.

Утильалым мәселесі – қазақстандықтарды бір үміттендіріп, бір күңіренткен тақырыптың бірі. Бір топ бұл мәселені шешу үшін жиналып, Астанаға арнайылап барса, «Утильалым алынсын» деген мақсатпен петиция жарияланып, мыңдаған қазақстандық қол қойды. Сол себепті шенділермен арнайы комиссия құрылып, қоғамдық талқылау да болды.

ШАРЛАПАЕВТЫҢ ШАТАҒЫ. ПЕТИЦИЯ НЕ ҮШІН?

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев 19 шілде күні утилизациялық алымның доғарылмайтынын, оған еш негіз жоқ екенін ашып айтты. Сол себепті утилизациялық алымның көлемі өзгеріссіз қалады. 

«Утилалым мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырылды. Петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талаптар сақталды. «Ашық қоғамдық талқылау» нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды», - деген министр. 

Яғни, утилалымға қарсы петициядағы талаптар орындалмады. Басшылық мұның себебін отандық автоөндірісті қолдаумен түсіндірді. 

«Утиль алым жойылса, жұрт жаппай шетелден көлік әкеледі. Ал біздің зауыттардан шығатын машиналар өтпей қалуы мүмкін», - деген министр Шарлапаев.

СОНДА НАРЫҚ БҮЙДЕДІ

Жұма күні жасаған министрдің мәлімдемесі көп ұзамай жүрілген көліктердің бағасына да әсер етіп үлгергені байқалады. 

Әлеуметтік желідегі мәліметтерге шолу жасап шыққанымызда мынандай бағалар белгіленгенін көрдік. 

Toyota Camry 45 көлігі 6 млн 800 мың теңгеден тұр. 1999 жылы шығарылған Lexus RX300 көлігі 4 млн 700 мың теңге. 2012 жылғы КІА автокөлігінің құны - 7 млн теңгенің маңайы. 

«Утилалым алынбайды деген соң базар көлікке толған» дейді жұртшылық. 

Алматының «Барыс» автобазарында 2001 жылғы Mersedes көлігі 4 млн 500 мың теңгеге бағаланып тұр. Сұраныстағы Mersedes маркілі 2007 жылғы көлік 5 млн 600 мың теңгеге бағаланып тұрғаны анықталды. Оңтүстік Кореяда өндірілетін KIA K7 көлігінің 2015 жылғы түрі 5 млн теңгені құрайды. 1995 жылғы Mersedes көлігі 3 млн 500 мың теңге тұрады. Toyota Camry 35 көлігі 6 млн 500 мың теңге болса, Toyota Camry 55 көлігі 6 млн 300 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ал Германияда өндірілетін BMW 735 маркалы көлігі 5 млн 300 мыңға бағаланған. 

САТУШЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ – АЛУШЫНЫҢ МҰҢЫ

Көлік сатушылары болса, автобазардағы бағаларды нарыққа байланысты белгілегенін айтып ақталады. 

Ал желі қолданушылары «Не сұмдық? Тым қымбат», «Біздің Үкіметке рақмет, өздері осы көліктерді алып мінсін», «Қазақстандағы ескі көліктің құны Кореядағы су жаңа машинамен бірдей», «Бүгін базарға барып, өзім көріп қайттым. Қытайлық азаматтар несие шығарып береміз деп жүр, себебі баға удай қымбат екен» деген сынды түрлі пікір білдіріп жатыр.

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы




Пікірлер