СҚО-дағы қазақ мектебін қарулы күзет 24 сағат "ораза ұстап" күзетпек

1765
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның білім бөліміне қарасты Новоишим қазақ орта мектебін қарулы күзет 24  сағат "ораза ұстап" күзетпек, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап. 

18 шілде күні аталған мекеме "Новоишим қазақ ОМ КММ объектіні Қарулы физикалық күзет қызметі" деген тақырыппен тендер жариялаған. Тендер жеңімпазы 25 шілде күні анықталады. Күзет қызметінің құны 4 821 428 теңгеге бағаланған. 

Жалпы, техникалық сипаттамадағы шым-шытырық ақпараттарға қарап, орта мектеп күзет қызметін жалдауға мемлекеттік тапсырыс беріп отырғанын аңғардық. Десе де, мемлекеттік тілдегі сипаттаманың сапасы сын көтермейді.  Қараңыз: "Жұмыс режимі: 1 пост. Мектеп-тәулік бойы ораза ұстау (24 сағат), күн сайын сағат 08-00-де ауысу және демалыс және мереке күндерін (8 сағат) ескере отырып, күн сайын сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін күндізгі ауысым. 2 пост. Интернат - күндізгі ораза (12 сағат), 08-00-ден 2-00-ге дейін" деп басталған екі-үш беттік мәтіннен түкті де ұқпадық. 

Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ мектебіндегі мемлекеттік тілдің жағдайы осындай болса, басқалардан не қайыр? Облыстық білім басқармасы сонда бұл қателіктерді көрмей ме? "Қарулы физикалық күзет қызметін" пайдаланатындай Жаңа Қазақстанымыз Ауғанстан ба еді? Қазына қаржысына тендер өткізіп, мемлекеттік тілді масқаралайтындарға лайық жаза жоқ па, сонда?

Бұл сұрақтарды облыстық білім басқармасына жолдаймыз. Олардан жеткен жауапты да алдағы уақытта жариялайтын боламыз!

Абай Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер