– Серікжан Біләштің ұлтшыл азамат екенін оның іс-әрекетіне қарап танып білуге болады. Өз-өзімді көрсетейін деп емес, шын мәнісінде ол ұлтқа қызмет етіп жүрген азамат. Шыны керек, Серікжанға қатысты қоғамда әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Алайда мен оған қарсы жұмыс жасап жүргендерді қытайшылдар деп атаймын. Қытайшылдар Серікжанға күйе жағып, оның беделін түсіруге ұмтылып жатыр. Сондықтан да мен оларға үнемі тойтарыс беріп келемін. Ал енді Серікжанның әлем алдындағы ең үлкен ұлы еңбегі – қытайдың саны аз ұлттарға жасап отырған геноцидін әшкерлеп, жаһан елдеріне жеткізді. Қытайдағы аз ұлттардың басындағы қиын жағдайды БҰҰ дейін нақты дерекпен жеткізіп, үлкен іс тындырды. Тұтқында жатқан азаматтардың суреттерімен бірге бейнетаспаларын жариялап, олардың босап шығуына зор үлес қосты, – дейді ол. Біздің елде ұлттық бағытта жұмыс жасайтын ұйымдар қаржы жағынан қысылып жатады. Ал Серікжан Біләш басқаратын ұйым ресторанда дастархан жайып, үлкен маштабта жұмыс жасады. Осы ретте «Атажұрт еріктілері» ұйымы қаржыны қайдан алады деген заңды сұрақ туындайды. – Шет елде тұратын Өмірхан Алтын секілді азаматтар бәләнбай мың евро алып келіп, қиындық көріп отырған азаматтарға көмектесті. Шет елдегі қандастарымызды айтпағанда, біз өзімізде көмегімізді жасауға дайынбыз. Алматыда арақ ішпейтін, жаман әдеттерден аулақ болып жүрген азаматтар табысының белгілі бір бөлігін ұйымның жұмысына аударды. Бұл жерде ҚХР мен қазақ үкіметі бір тиын бөліп отырған жоқ. «Атажұрт еріктілері» ұйымы халықтың ақшасының арқасында жұмыс жасап жатыр. Бұған ешқандайда күмән келтіруге болмайды. Шыны керек ұйымның жұмысын жүргізуге көп те қаржы керек емес. Елден жиналған қаржыны қиындық көріп отырған азаматтардың балаларына таратып беріп отыр. Олар өздеріне айлық алып отырған жоқ. Жүріп тұруына кететін ақшаны өздерінің қалталарынан шығарып отыр. Оның үстіне кәсіпкер азаматтар болғандықтан қаржы жағынан қиындық жоқ. Сондықтан «Бұлар ақшаны қайдан тауып отыр?» деп оларға қара күйе жағуға болмайды, – дей ді журналист. Әрине қытайдағы қазақтардың мәселесі өте өзекті мәселе. Алайда, «Атажұрт еріктілерінің» жетекшісі Серікжан Біләштің ісінде күмәнді тұстар жетерлік. Аталған ұйым қытайда қысым көріп отырған қазақтан өзге ұйғыр мен қырғыздың құқығын қорғауға күш салып отыр. Серікжанды сынаушылар оның шет елде тұратын ұйғыр саясаткері Рәбия Қадырдан ақша алып жұмыс жасап жатқанын айтады. Егер бұл айып рас болса, қазақ үкіметінің Серікжан Біләшті жауапқа тартуы орынды. Өйткені қытаймен ұзын-сонар шекарасы бар Қазақстан үшін қазақтан бөлек ұйғырдың құқығын қорғау өте қауіпті. Тіпті шекарасы түйіспейтін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы этникалық топтардың барлығы бақытты өмір сүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл бір. Екіншіден, кезінде Ататүріктің өзі Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналын Ресейдің қысымынан сақтанып, елге кіргізуге тиым салған. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ленин Ататүрікке қолдау көрсетіп, Түркияның аяқтан тұруына ықпал етті. Шын мәнісінде Түркияның тәуелсіздігі үшін Ататүрік Ресейдің дегеніне көнуге мәжбүр болды. Ал Тәуелсіздік алғанына 100 жылға жуықтаған бүгінгі Түркия қытайдың ұйғырға жасап отырған қысымын не үшін қолдап отыр? Шекарасы түйіспейтін әрі экономикасы мықты мемлекеттің өзі қытайдың түркі халықтарына деген қысымына «Бұ қалай?» дей алмай отыр. Ендеше Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толмаған әрі мыңдаған шақырым шекарасы түйісетін мемлекеттің байыпты болғаны жөн. Бір қызығы қарапайым халыққа дұрыс бағыт-бағдар беруге тиіс азаматтардың өзі адасып, Серікжан Біләшті қаһарман санап жүр. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сендер адаспаңдар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер!» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Серік ЖОЛДАСБАЙ